2021 жылдың 26 қазанында Алматыда ҚР БҒМ ҒК Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты және Ресей Ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы институты арасында ынтымақтастық меморандум қабылданды. Екіжақты келісімге Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғарұлы және Материалдық мәдениет тарихы институтының міндетін атқарушы Андрей Поляков қол қойды.
Аталған құжаттың негізгі мақсаты – ғылыми-зерттеу және мұражайлық-экспозициялық қызметтері бойынша ынтымақтастыққа бағытталған бірлескен іс-шаралар кешенін жоспарлау және оны жүзеге асыру. Тараптар Ресей мен Қазақстанның тарихынан сыр шертетін археологиялық және құжаттық деректерді анықтау, зерттеу, қалпына келтіру, және көпшілікке кеңінен таныстыру үшін өзара ұйымдастырушылық және ақпараттық әлеуетін пайдалануға келісті. Сондай-ақ, олар бірлесе отырып, ғылыми еңбектер жазу мақсатында археологиялық зерттеулерді ұйымдастыруға қолдау көрсететін болады.
Жалпы, бұл меморандум екі ел арасындағы үзілген байланысты қайта нығайтуға және Қазақстан мен Ресейдің ежелгі тарихын зерттеуде оң өзгерістер әкелері анық.