Russian (CIS)ҚазақшаEnglish (United Kingdom)
 
 
ИНСТИТУТ
АРХЕОЛОГИИ
им. А. Х. Маргулана
Адрес:
г. Алматы, ул. Шевченко 28, пр. Достык, 44
 

Баннер

ruhani-jangyru-logo

Журнал Института археологии им. А. Х. Маргулана

КазНУ

Главная Рухани жаңғыру БҰЛАНДЫ ҚАЛАШЫҒЫНАН ТАБЫЛҒАН ПИКСИДА ҚАҚПАҒЫ

БҰЛАНДЫ ҚАЛАШЫҒЫНАН ТАБЫЛҒАН ПИКСИДА ҚАҚПАҒЫ

Несіпбай А.Т., Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының археолог маманы

Кіріспе. Қазақстан аумағы археологияық тұрғыдан жүйелі түрде зерттеліп келе жатыр. Мемлекеттерді байланыстырып, Батыс пен Шығысты байланыстырған Ұлы Жібек жолы этникалық, рухани және діни мәселелердің ғана емес, материалды жәдігерлердің қайнаған қазаны болды. Әлемдік деңгейде, біздің еліміздің аумағында сауда жолының көптеген тармақтары үздіксіз дамыды. Оның ғылыми айналымға берер пайдасы орасан.

Б.з.д. І мыңжылдықтың екінші жартысын Сырдарияның төменгі ағысында атап айтсақ, Жаңадарияның төменгі және орта ағысы, ежелгі Іңкәрдарияның батыс бөлігін яғни, ежелгі Сырдарияның оңтүстік-батыс арнасындағы тұрғындардың мәдениеттерінің гүлденген бір кезеңі деп айтуға болады. Бұл уақытта Аралға негізгі су ағыны белгілі бір уақыт аралығында Әмударияның солтүстігіндегі Ақшадария арналары қосылған Жандария арқылы өтті. Дәл осы кезеңде осы аумақтағы қолайлы экологиялық және гидрографиялық жағдайға байланысты экономикалық-шаруашылық негізіндегі мал шаруашылығымен бірге суармалы егіншілік мәдениеттері қалыптасып, дамыды.

Сырдарияның төменгі ағысындағы антикалық дәуір жайында белгілі бір жазба дереккөздерінде кездеспейтіндігін ескерсек, бүгінгі таңда Шірікрабат мәдениетін зерттеуде археологиялық материалдар жалғыз тарихи дерек болып табылады. Ғалымдардың пікірінше қазіргі таңда Жаңадарияның орта ағысында Шірікрабат мәдениетімен мерзімделетін 200-ден астам археологиялық нысан белгілі [1]. Соның бірі Бұланды қалашығы.

Ескерткіш Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 200 шақырым жерде, Шірік Рабат қала қорымынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырымда орналасқан. Бұланды ескерткіші жалпы аумағы 150-200 га жерді алып жатқан егіншілік орталығы болған [1, 30 б.].

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Баланды ескерткіштін 1959-1960 жылдары Хорезм археология-этнография экспедициясы зерттеу жұмыстарын бастаған болатын [2, 1-9 б.]. Кейін, 2004 жылы бастау алған «Мәдени мұра» бағдарламасына Қазақстанның бірегей ежелгі ескерткіші Баланды (Бұланды) енгізіліп, 2007 жылдан бастап Ж. Құрманқұловтың жетекшілігімен Шірік Рабат археологиялық экспедициясы қамал мен оның айналасындағы үйлерді қазып зерттей бастады [1]. Жұмыстың нәтижесінде бекіністі үй-жайдың және оның айналасындағы қоныстар мен ғұрыптық жерлеу орындары жайлы едәуір мәліметтер қордаланған.

Талдау нәтижесі. Жүйелі түрде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде Бұланды қаласының материалдары құнды мұралармен толықты. Олардың қатарында ғалымдардың көңіліне ерекше түскені Бұланды кешеніндегі № 2 үй-жайдан табылған тастан жасалған қақпақ болды [1, 50 б.]. Бұл ыдыс Қ.И. Сәтпаев атындағы Геология институтының берген сараптамасы бойынша қою сұр түсті алевролиттен істелінген. Грек тілінен «Алеврон» сөзі «ұн», яғни тастың атауы «тас қопсытылған ұн» немесе «ұнтақ» деп аударылады [3]. Мұндай қою сұр түсті алевролиттерді көбінесе олардың берік құрылысқа ие болғандықтан қолданылады. Сол себептен алевролит тасынан белгілі бір құрал жасау үшін оған арнайы станоктар немесе дамыған тас қашау методикасы керектігі сөзсіз.

Ізденістердің барысында, бұл ыдыс – пиксид қақпағы екендігі белгілі болды. Пиксид – белгілі бір мазь, тәттілер, әшекейлер салыну үшін Грецияда әртүрлі материалдардан жасалатын ыдыс түрі. Осыған ұқсас Орталық Азиядан табылған тастан жасалған ыдыстардың барлығы шартты түрде пиксидтер түріне жатқызылады [4, 110 б.].

Бұландылық пиксида қақпағы жақсы сақталған. Диаметрі – 15 см, биіктігі – 4,5 см, қақпақтың тереңдігі – 1,5 см. Қақпақтың сақталған бөлігінде айналдыра арнайы жасалған 24 тесік бар. Ұстайтын жерінің диаметрі – 3,1 см, айналдыра екі шеңбер сызылып, ішіне 27 үшбұыштан тұратын ойма геометриялық өрнектер салынған. Сонымен қатар, жиегіне де айналдыра екі шеңбер сызылып, ішіне жоғарыдан төменге созылған қиғаш сызықтар өрнектелген. Бұландыдан табылған пиксида қақпағына ұқсас ыдыстар осыған дейін Әмударияның батыс жағалауында Тахти-Сангин қаласында табылған [4, 98 б.]. Тахти-Сангиндегі пиксид ыдыспен Бұландыда табылған қақпақтың бірнеше айырмашылықтары мен ұқсастықтары бар. Олар: Бұландылық қақпақта ойма-тесіктермен қатар геометриялық өрнектер бар болса ал, Тахти-Сангиндегі қақпақта тесіктер болмағанымен зооморфты болып келген және геометрилық өрнектері ұқсас.

Осы аналогтерді қарап, Грециядағы «Эллин» дәуіріндегі пиксидтермен салыстырғанда айырмашылық көп екені байқалады. Соған қарағанда Грециялық пиксидтерден көрі, Бактриялық пиксидтермен Бұландылық пиксид қақпағының байланысы жоғары екенін көруге болады [5, 19 б.]. Бірақ айта кетерлігі, «эллин» дәуіріндегі пиксидке типі жағынан ұқсамаса да, оның қолданыс аясы бірдей. Себебі гректер үшін де пиксида сакральді сипат алған, діни наным сенімдерге байланысты пайда болған. Мысалы, Азов мұражай-қорығының ұйымдастыруымен Тагаран шығанағында қазба жұмыстарының арқасында Диана-Артемида бейнеленген мыстан жасалған пиксид қақпағы табылған [6]. Диана-Артемиданың эллин дәуірінде көптеген тиындар да бейнесі қалғанын есептесек, пиксида айырбас сауда үшін де қолданған болуы мүмкін. Типі бойынша Бұландылық пиксида қақпағына ұқсас түрі Өзбекстанда, Сурхандария ауданының оңтүстігіндегі Термез қаласынан 30 км жерде Қампыртепе қамалынан шыққан болатын [7, 59 б.]. Н.Д. Двуреченская «Соңғы жылдардағы зерттеулер эллин дәуірінің Қампыр тепеге қатты әсер еткені олардың құрылыс техникасынан мен әдісі, керамикасы, және қазба барысында табылған теңгелер, қолданыс заттары, пиксиданың табылуы грек қоныстанушыларының өзі болмаса да, грек технологияларның бактрлықтардың өміріне эллин дәуірінде қатты әсер еткенін көрсетеді» [7, 59]. Кампыртепеден табылған пиксида қақпағы дөңгелек формада және айналасында геометриялық түрлі түсті өрнектерге толы етіп жасалған. Бұл қақпақтың да ұстағыш жағы мен бір бөлігі сынып, жоғалған. Ұстағышың айналасында шеңбер сызылып, үшбұрышты күн сәулелеріне ұқсас бейне ойылған. Жоғары да айтылған Бұландылық пиксида қақпағының да, айналасында осыған ұқсас үшбұрышты геометриялық өрнектер бейнеленген.

Қорытынды. Бұландыдан табылған бұл ыдыс түрін импорттық артефакті деп белгілі бір тұжырымды айту өте қиын. Дегенмен, археологиялық тұрғыдан пиксидалардың қолданылуы Ұлы Жібек жолындағы «бұлғын» жолымен жүру барысында таралуы мүмкін. Сонымен қатар, Бұланды қалашығы Әмудария мен Сырдарияның аралығындағы керуен жолдарының түйіскен жерінде орналасып, Бактриямен саяси, сауда-саттық байланыста болғанын дәлелдеу өте маңызды. Себебі, табылған жәдігер Бұланды қалашығының ежелгі тұрғындарының палеоәлеуметтік, палеоэкономиялық, діни-ғұрыптық түсініктерін анықтауға мүмкіндік береді.

 Пайдаланылған әдебиеттер:

  1.  Құрманқұлов Ж., Утубаев Ж. Баланды (Бұланды) антикалық ескерткіш – Алматы, 2013. – 148 б.
  2. Неразик Е.Е., Стеблюк Ю.В., Баланды 2 «Планетарий». // Архив ИЭА, РАН, фонд 142, опись 2, ед. хр. 42. – Москва, 1959, с. 1-9.
  3. ttps://o-prirode.ru/alevrolit/#lwptoc1
  4. Дружинина А.П. (2004) Крышка каменной пиксиды с зооморфным фризом с городища Тахти-Сангин // Археологиия, этнография и антропология Евразии. №3 (19) 2004. С. 98-106.
  5. Амударьинский клад: Каталог выставки / Ред. Е.В.Зеймаль. – Л.: Искусство, 1979. – 96 с.
  6. Минаев А. (2018) Крышка пиксиды эпохи эллинизма // Портал «www.azovmuseum.ru» (https://www.azovmuseum.ru/news/interesno-z
  7. ланды) антикалық ескерткіш – Алматы, 2013. – 148 б.
  8. Неразик Е.Е., Стеблюк Ю.В., Баланды 2 «Планетарий». // Архив ИЭА, РАН, фонд 142, опись 2, ед. хр. 42. – Москва, 1959, с. 1-9.
  9. ttps://o-prirode.ru/alevrolit/#lwptoc1
  10. Дружинина А.П. (2004) Крышка каменной пиксиды с зооморфным фризом с городища Тахти-Сангин // Археологиия, этнография и антропология Евразии. №3 (19) 2004. С. 98-106.
  11. Амударьинский клад: Каталог выставки / Ред.
  12. nat/iz-istorii-predmeta/10331.html) Қаралды: 15.02.2021
  13. Двуреченская Н.Д. (2010) Крепость Кампыртепе // Институт археологии: // Новые полевые исследования / Под. ред. чл.- корр. РАН Н.А. Макарова. – Москва.: ИА РАН, 2010. – 116 с.
 
 
   
 
2022 © Институт археологии им. А. Х. Маргулана Создание сайта Создание сайтов, разработка и сопровождение сайтов, продвижение, хостинг