Russian (CIS)ҚазақшаEnglish (United Kingdom)
 
 
ИНСТИТУТ
АРХЕОЛОГИИ
им. А. Х. Маргулана
Адрес:
г. Алматы, ул. Шевченко 28, пр. Достык, 44
 

Баннер

ruhani-jangyru-logo

Журнал Института археологии им. А. Х. Маргулана

КазНУ

Главная Рухани жаңғыру БӘБІШ МОЛА КӨЗЕШІЛЕР ЕЛДІ-МЕКЕНІНІҢ КЕРАМИКАДАҒЫ ТАҢБА ТӘРІЗДІ БЕЛГІЛЕРІ

БӘБІШ МОЛА КӨЗЕШІЛЕР ЕЛДІ-МЕКЕНІНІҢ КЕРАМИКАДАҒЫ ТАҢБА ТӘРІЗДІ БЕЛГІЛЕРІ

Утубаев Ж.Р., Сүйіндікова М.Қ., Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты

Мақалада Бәбіш мола 7 көзешілер елді мекеніне жүргізілген археологиялық қазба-зерттеу жұмыстары баяндалады. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде анықталған қыш ыдыстардағы таңба тәрізді белгі түрлеріне кеңінен тоқталамыз. Сонымен қатар таңба тәрізді белгілердің салыну жолдарымен, қандай ыдыс түрлеріне салынғандығы жөнінде толық мәлімет келтіріліп, диаграмма дайындалды. Археологиялық қазба барысында анықталған жәдігерлердегі таңба немесе белгілерді зерттеу әрбір елдің, мемлекеттің және халықтың саяси, этномәдени даму ерекшеліктері, халықаралық сауда, діни сенімдері жайында құнды әрі маңызды мәліметтер беретіні белгілі. Сондай-ақ жұмыста таңба, белгілердің адамзат өмірінде қандай мақсаттарда пайдаланғандығы жөнінде ашып көрсетеді. Мақала Бәбіш мола 7 көзешілер елді-мекеніндегі таңба тәрізді белгілердің көлемін, таралу аймағын анықтаудағы алғашқы жасалған әрекет болып табылады.

 Кілт сөздер: Бәбіш мола, көзешілер елді мекені, қыш ыдыстар, таңба, белгі түрлері, шеберлер қолтаңбасы.

Кіріспе

Бәбіш мола оазисіндегі ескерткіштерді 1946 жылы ХАЭЭ барлау тобы ашып, кейін 1958-1960 жылдары аралығында Бәбіш мола 1 қаласы мен Бәбіш мола 2 жерлеу ғимаратына қазба жұмыстарын жүргізді (отряд басшысы – М.Г. Воробьева) (Толстов, 1948: 57; Толстов, Воробьева., 1960: 40; Вайнберг, Левина, 1993: 23-30). Ал, 1957-1960 жылдары Б.В. Андрианов жеке тобымен қала маңайына жете барлау жүргізіп 150-ге тарта жекелеген елді мекендер және суландыру құрлыстары сақталған егін шаруашылық алқабтарының орындарын тапқан (Андрианов, 1969: 192-199). Соның ішінде Б.В. Андриановтың пікірінше жүзге жуық ауыл бір кезеңде өмір сүрген(Андрианов, 1958: 164).

Кейін, 2006 жылы Ж. Құрманқұловтың жетекшілігімен Шірік Рабат археологиялық экпедициясы қайта барлау жүргізіліп, оларға сипаттама беріліп координатары алынды (Курманкулов және т.б, 2007: 216).

Бәбіш мола оазисі Сырдариядан бөлініп шыққан Жаңадария арнасының ортаңғы оң және сол жағалауын толық қамтып жатыр. Ол, Шірік Рабат қала-қорымынан солтүстік-солтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Қаланың суландыру жүйесі жақсы дамыған. Жаңадария арнасы Аққыр тауынан төмен қарай бірнеше тармаққа бөлінген. Кейін, жергілікті халық олардан каналдар мен арықтар тартып егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етіп отырған.

Бәбіш мола аңғарының үш ірі салаларының ішінде ауыл өмірі үшін ортаңғы саласы ерекше орын алған. Одан барлық елді мекендерге тартылған каналдар негізін осы саладан алған. Дәл осы арнада суландыру жүйелерінің бірнеше су қоймалары болған және олардың көмегімен су деңгейін реттеп, суландыру көздерін қамтамассыз етіп отырған. Каналдар мен арықтар тақыр жолақ түрінде сақталған. Каналдың жанындағы арықтар Хорезмнің архаикалық жүйесі сияқты тек бір бағытқа ғана тартылған. Ең қызығы арық ортасынан кесіп өтетін егіс атыздары орналасқан. Бірнеше шақырымға созылған егіс алқаптарында дәнді дақылдар өсірген. Оған дәлел 2015-2017 жылдар аралығында Бәбіш мола елді мекенінде жүргізілген қазба нәтижесінде анықталған дәнді дақылдар. Қ.И. Сәтпаев атындағы Геология институтының лабароториялық талдауы бойынша «тары» қалдығы деп тұжырымдады (Нигматова, Заключениепо таксономической принадлежности фрагментов растений из археологического объекта Бабиш мола 7).

Каналдарды жағалай егін шаруашылығымен айналысқан ауылдар мекендеген. Ара қашықтары 400-800 м болатын үйлердің қалдықтары сәл биік төбе немесе тақыр бетінде жоспарлары төртбұрышты болып келген бөлмелер түрінде, ал кей жерлерде қыш ыдыс сынықтардың шашыранды түрінде сақталған. Кейбір ауылдарда қыш күйдіретін пештердің қалдықтары қалған.

Сондай елді мекендердің біріне (Бәбіш мола 7) 2015 жылдан бері зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді (Утубаев, Болелов, 2016: 56-63; Курманкулов, 2019: 301-316; Болелов, Утубаев, 2020:69-88).

Бәбіш мола 7 деп атау берілген елді мекен Бәбіш мола қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде, кеуіп қалған арнаның бойында орналасқан. Жалпы аумағы 1,6 га – 450х350 м жерді алып жатыр. Батыс бетінен ауылдың ішіне қарай ені 15 м болатын су қоймасы тартылған (сурет 1).

Елді мекеннің орнын жіті зерттеу барысында 9 пештің орны мен 7 құрлыстыңжәне тұрғын үйлер мен шеберханалардың орны анықталды. Бұлардың беткі қабаты үйіліп жатқан керамикалар мен қатар шикі кірпіштен тұрғызылған қабырғалармен ерекшеленеді. Барлау кезінде үйлер мен шеберханалардың бетінен көптеген керамикалар, тастан және кварцитан істелген құралдар, шыныдан, тастан істелген моншақтар және қоладан жасалған үш қырлы, үш қанатты жебе ұштары табылды.

Сонымен қатар, ауылдың солтүстік-батыс бөлігінен, кеуіп қалған арнаның бойынан (арақашықтығы 50-60 м) үлкен үй-жайдың орны анықталды. Беткі қабатынан бөлмелерге бөлінген қабырғалардың контуры жақсы көрініп жатыр. Қабырғалар шикі кірпіштерден тұрғызылған. Бір өкініштісі, үйдің солтүстік бөлігі биік құм астында қалған.

Қазба-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде көптеген құнды әрі қызықты жәдігерлер табылды. Олардың басым көпшілігі қыш ыдыстар.

Негізгі бөлім

Археологиялық қазба барысында анықталған жәдігерлердегі таңба және белгілерді зерттеу әрбір елдің, мемлекеттің және халықтың саяси, этномәдени даму ерекшеліктері, халықаралық сауда, діни сенімдері және гералдика жайында құнды әрі маңызды мәліметтер береді. Сондай-ақ олар күрделі де, қыр-сыры мол тарихи деректердің жиынтығы. Таңба, белгілердің мән-мағынасы мен атқарар қызметі жайлы зерттеушілер әлі күнге дейін алуан түрлі пікірлер айтады (Самашев және т.б. 2010: 15).

Зерттеушілер таңба және белгілердің негізінен адамзат өмірінде төмендегідей мақсаттарда пайдаланылды деп тұжырымдайды:

1) Жеке отбасының, әулеттің кей жағдайларда тұтас бір тайпаның қоғамдағы дәрежесіне қарай эмблемасы яғни, «өзімдікі-өзгенікі» деп бөлу, тану мақсатында;

2) Қазіргі кезеңдегі жеке куәлік немесе қызметтік куәліктер секілді киім, қару-жарақ және жылқыдағы меншіктік таңба;

3) Әлеуметтік маңызды жағдайларда келісім-шарт жасауда, сауда жөнінде серіктестікте, ағайын, дос, туыс, әулетке сырттан бөтен адамды қабылдағанда олардың өзара міндеттері секілді ортақ белгі;

4) Мемлекет шекаралары, үй жануарлары, құнды заттардағы көп жағдайда ыдыстардағы меншіктік таңбалар, белгілер;

5) Ақша, тиын, сарай билеушісінің тағында, дипломатиялық сыйлардағы т.с.с белгілі бір әулеттің, мемлекет басшыларының саяси белгілері;

6) Қолөнер шеберлерінің көп жағдайда көзешілердің, шеберханалардың жеке таңбасы;

7) Кейде таңбалар, таңба тәрізді белгілер ислам кезеңіне дейін киелі, діни белгілер мақсатында пайдаланылған болуы мүмкін. Көп жағдайларда бұл белгілер немесе таңбалар бойтұмар, тұмар және қорғаныш, қорғау мақсаттарында пайдаланылған (Яценко және т.б, 2019: 8).

Рогожинский археологиялық ескерткіштерде кездесетін таңба немесе белгілерді негізгі екі топқа бөліп қарастырады:

1) жылжымайтын нысандар,

2) тасымалды заттар.

Жылжымайтын нысандар:

1) мемориальды ғұрыптық құрылыстар,

2) жартастағы бейнелер.

Ал, тасымалды заттарды тиындар және ғұрыптық, күнделікті пайдаланылатын заттар деп екіге бөледі (Рогожинский, 2019: 99).

Мақаламызға негіз болған Бәбіш мола 7 көзешілер елді-мекенінің қыш ыдыстарында кездесетін таңба тәрізді белгі түрлеріне кеңінен тоқталамыз. 2015 жылдан кешенді жүргізілген археологиялық қазба-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2000-ға жуық керамика бөліктері жиналса, оның 100-ге жуығында таңба тәрізді белгілері бар. Керамикалардың барлығы дерлік шарық көмегімен жасалған, тек екі ыдыс жапсырма әдісімен дайындалған. Біздің есептеуіміз бойынша таңба тәрізді белгілері бар керамикалардың 28% құмшалар, 22% тостағандар, 22% құмыралар, 5%көзелер және 23% ыдыстардың белгісіз бөліктері құрады.

Таңба тәрізді белгілердің салыну техникасы – ыдыстардың түбі мен мойын бөліктеріне күйдірілуге дейін өткір заттың көмегімен сызу арқылы түсірілген.

Таңба тәрізді белгілердің түрлері – «Құс ізі»(сурет 2.1), «Х» (сурет 2.2), «/», «//» қиғаш сызылған бір немесе екі сызықты (3-сурет), «Н» әріпі тәріздіжәне шеңбер ішіндегі крест қызыл ангобпен салынған және шиыршықталған спирал түріндегі таңба сызылып түсірілген (4-сурет).

«Құс ізі» немесе бір қарағанда бағыт белгісінің төмен қаратылған көрінісі және «/», «//» қиғаш сызыла түсірілген таңба тәрізді белгілері бар керамикалар Хорезмдегі Хумбузтепе қонысының б.з.д IV және ІІІ-І ғасырларымен мерзімделетін мәдени қабаттарынан жиі кездеседі ( Баратов, 2019: 43).

«Х» тәрізді белгісі бар құмыра 2017 жылы Шірік 4 кешеніндегі 1-ші обаға жүргізілген қазба барысында анықталған болатын (Курманкулов, 2020: 274).

«Н» әріпі секілді белгісі бар құты 2008 жылы археологиялық қазба барысында Шірік рабат қалашығындағы 1-ші нысаннан табылған еді. (Дарменов., Утубаев, 2017: 25). Ғалымдар ежелгі Хорезм керамикаларындағы кейбір таңба және белгілер б.з.д V-IV ғасырлардағы парсы империясы кезеңіндегі арамей алфавитіне өте ұқсас екендігін алға тартып, көзешілер оларды қыш ыдыстарға белгі салуда пайдаланғандығын айтады (Баратов, 2019: 52). Біздің «Н» әріпі секілді таңба тәрізді белгіміз осы алфавитте анық байқалады және 2004-2005 жылдары археологиялық қазба барысында Шірік рабат қалашығындағы жерлеу орнынан табылған парфян-арамей жазбасы бар ыдыстың табылуы бұл тұжырымға өте жақын екендігін көрсетеді.

Шарық көмегімен жасалған шаруашылық мақсатта пайдаланылатын құты сапалы күйдірілген. Ернеуі сыртқа бүрілген. Биіктігі 19 см, мойын ұзындығы 3 см, ернеу диаметрі 10 см, жалпақ бүйірінің диаметрі 23 см. Жарты шар тәрізді, бір бүйірі тегіс келген, қимасында дөңгелек, мойны қысқа. Түсі қызыл. Ыдыстың сыртқы беті қанық қоңыр түспен ангобталған. Ыдыстың дөңес бүйіріне қызыл түсті ангобпен салынған шеңбер оған сызылған крест және шиыршықталып спирал түрінде түсірілген таңба тәрізді белгісі бар. Пішіні жағынан бұл ыдыстар Хорезм және Шірік рабат қалашығынан табылған құтыларға өте ұқсас (Болелов., Утубаев, 2017: 20) және Қалалы қыр 2 археологиялық ескерткішінде жиі кездеседі. С.Б. Болелеов бұл таңбаларды ежелгі Хорезмдегі архитектуралық құрылыс жоспарларында кеңінен пайдаланғандығын және күнге деген құрметтің белгісімен байланыстырады. Шеңбер ішіндегі крест таңбасын дүниенің төрт бұрышымен түсіндіреді. Ежелгі егіншілер әлемінде төрт бағыт ұғымы маңызды болған, адам осы төрт бағыттың ортасында болғанда ғана өзін төрт құбыласы тең немесе қауіпсіз сезінген деп тұжырымдайды. Ал, спираль белгісін әлемдік реттілік және тәртіппен байланыстырады (Болелов, 2009: 122).

Л.М. Левина өзінің «Шірік рабат мәдениеті» деп аталатын ғылыми еңбегінде жоғарыда көрсетілген таңба тәрізді белгілері бар ыдыс түрлері Шірік рабат мәдениетіне тән ескерткіштердесирек кездесетіндігін айтады (Вайнберг., Левина, 1993:77).

Келесі таңба тәрізді белгілеріміз математикалық амалдарға өте ұқсас (сурет 2.3). Қосу азайту «+–», азайту «–», рим цифрындағы төрт «IY» cекілді және дұрыс белгісі (птичка) тәрізді. Бұл белгілер Хумбузтепе қонысынан жиі анықталған (Баратов, 2019: 52). Ежелгі Хорезмнің қыш ыдыстарындағы белгілерді зерттеуші ғалымдар ыдыстардағы екі немесе оданда көп біріккен түрдетүсірілген белгілерді сол ыдыстың көлемі және оның қандай мақсаттарда пайдаланатындығы жайында мағұлматтар келтірілген деген тұжырымдар жасайды. Ал, Хумбузтепе қонысынан табылған бір таңбалы керамикалардағы белгілерді В.А. Лившицтің оқуы бойынша ыдысқа салынған азық-түлік немесе құйылған сусынның көлемі және атауы көрсетілген шаруашылық құжат деп қарастырады. Бұл тұжырымды негізге алған М.Мамбетуллаев қоныс аумағында қолөнершілерге тәуелді еңбек ететін топтар белгілі бір тапсырыстарды орындағанжәне орнына азық-түлік алып отырған деген өз болжамын ұсынады (Мамбетуллаев, 1984: 21).

Жапсырма әдісімен жасалған көзелердегі таңба тәрізді белгілер күйдірілуге дейін өткір заттың көмегімен сызылып түсірілген. Тік цилиндр тәрізді көзені төңкеріп қарағанда таңба тәрізді белгілер оң жағынан басталып, біртіндеп алыстап бара жатқан киіз үй немесе қырлар (тау) тәрізді.Сыртқа иілген ернеу бөлігі тік сызықтармен сызылған. Ал, түбінен аузына қарай тарыла түскен көзенің мойын бөлігіне ұзынды-қысқалы вертикаль сызықтар және жөндеуге арналған саңылау түсірілген (сурет 2.4).

Б.з.д IV-II ғасырлармен мерзімделетін керамикалардағы кең тараған таңба тәрізді белгілерді С.А. Яценко Орталық Азиядағы тайпалардың жаппай көшіп қонуымен және Хорезм династиясының ауысуымен байланыстырады. Сонымен қатар әдебиеттердегі таңба, белгілерге қатысты ыдыстар жиынын санау мақсатында және шебердің өзіндік қолтаңбасы немесе тапсырыс берушінің таңбасы болуы мүмкін деген тұжырымдар әлі де болса қосымша дәлелдемелерді қажет ететіндігін айтады (Яценко, 2001:24).

Я. Ильясов б.з.д IV-III ғғ. Қампыртепе қалашығындағы бір нысаннан табылған белгіленуі бірдей таңба тәрізді белгілерді арнайы тапсырыспен дайындалып оған иесінің белгісін салғандығын айтады (Ильясов, 2019:116).

А.Н. Подушкин Оңтүстік Қазақстандағы Арыс мәдениетінің III ғ- б.з.д. IV ғасырлардағы катакомбаларынан табылған «Х», «Н» әріпі тәрізді, «//» тігінен екі сызықты және шеңбер ішіндегі крест секілді таңба тәрізді белгілері бар ыдыстар тапсырыс бойынша жасалып, ондағы таңба, белгілер тапсырыс берушінің қалауы бойынша түсірілетіндігін айтады. Сол таңба тәрізді белгілер арқылы қайтыс болған кісінің әлеуметтік деңгейін білуге болады деп тұжырымдайды (Подушкин, 2017:60).

Ал, кейбір әдебиеттерде бұл таңба тәрізді белгілер әлеуметтік-экономикалық деңгейіне, бағытына қарай меншік қызметтерін атқарған (Байпаков., Подушкин, 1989: 142).

Қорытынды

Бәбіш мола 7 көзешілер елді мекені Шірік рабат мәдениетіне тән ескерткіштерді қыш ыдыстармен қамтамас еткен ірі өндіріс орталығы болған (Болелов, Утубаев, 2017:20). Ал, ыдыстарда кездесетін таңба тәрізді белгілердібіз зерттеушілер Я. Ильясовпен А.Н Подушкиннің келтірген тұжырымдарына жақындата отырып, таңба тәрізді белгілерәулеттік меншік қызметін атқарған деп болжаймыз. Оған таңба тәрізді белгілері бар керамикалардың Шірік рабат мәдениетіне тән ұжымдық жерлеу оындарынан табылуыдәлел бола алады. Дегенмен, бұл тұжырым алдағы уақытта терең әрі жан-жақты зерттеледі.

Біз шолу келтірген таңба тәрізді белгілер әрине, Шірік рабат мәдениетіне тән ескерткіштерде кездесетін таңба, белгілердің барлығы қамтылмады. Алайда, атқарылған бұл жұмыс шектеулі бір шеңберде яғни, Бәбіш мола 7 көзешілер елді-мекеніндегі таңба тәрізді белгілердің көлемін, таралу аймағын анықтаудағы алғашқы жасалған әрекет болып табылады. Келешекте Шірік рабат мәдениетінің таңба тәрізді белгілерін ғылыми айналымға енгізу барысында бұл жұмыс Бәбіш мола 7 көзешілер елді мекені жайында құнды әрі маңызды дерек көзі болады деген сенімдеміз.

Әдебиеттер:

  • Андрианов Б.В. Отчет о работе археолого-топографического отряда в бассейне Жанадарьи в 1958 г. // Архив ИЭА, РАН, фонд 142, опись 2, ед. хр. 37. – М., 1958. – С. 164.
  • Андрианов Б.В. Древние оросительные системы Приаралья. – Москва,: Наука, 1969. – 251 с.
  • Байпаков К.М., ПодушкинА.Н. Памятники земледельческо-скотоводческого культуры Южного Казахстана. –Алматы, 1989.–160 с.
  • Баратов С.Р. Знаки на Керамических изделиях в древнем Хорезме // Тамги доисламской Центральной Азии. – Самарканд,:МИЦАИ, 2019. – С..43-58.
  • Болелов С.Б., Утубаев Ж.Р. Поселение гончаров Бабиш-Мулла 7 в низовья Сырдарьи (раскопки 2015 года). // КСИА, вып. 248, – Москва, 2017. – С.20-35.
  • Болелов С.Б. Расписная хозяйственная посуда древнего Хорезма(по материалам Калалы-гыр 2). // ПИФК, вып. 1, –Москва, 2010. – С.122-142.
  • Болелов С. Б., Утубаев Ж. Р. Гончарное производство на территории древней дельты Сырдарьи в эпоху античности: новые данные // Археология Казахстана № 1 (7) 2020. С. 69-88.
  • Вайнберг Б. И. Левина Л.М. Чирикрабатская культура. – Низовья Сырдарьи в древности. Вып. I. – Москва, 1993. – 130 с.
  • Дарменов Д.Т., Утубаев Ж.Р. Подбойный тип погребальных сооружений на городище Чирик рабат // Ұлттық Ғылым Академиясының Хабарлары. Қоғамдық және Гуманитарлық Ғылымдар сериясы. – Алматы, ҚР ҰҒА, 2017. – № 1 (311). – С. 25-33.
  • Ильясов. Я. Тамги Бактрии /Тохаристана/ Тамги доисламской Центральной Азии. – Самарканд,:МИЦАИ, 2019. – С.116-117.
  • Курманкулов Ж, Тажекеев А, Кзылбаев Т., Абдихалыков Ш. Отчет о разведке на территории Кызылординской области по своду памятников за 2006 год // Отчет об археологических исследованиях по государственной программе «Культурное наследие» в 2006 году. Алматы, 2007. – С. 216-217.
  • Курманкулов Ж., Болелов С.Б., Утубаев Ж.Р. Археологические исследования на городище Бабиш-мулла 1 в 2018 году // Марғұлан оқулары 2019 «Халықаралық ғылыми тәжірбиелік конференция материалдары. Нұр-Сұлтан 2019 ж. 301-316 бб.
  • Курманкулов Ж., Утубаев Ж.Р., Касенова А.Д., Суюндикова М.К. Шірік 4 кешеніне жүргізілген зерттеулердің кейбір нәтижелері (2017 жылғы қазбанегізінде) // Марғұлан оқулары 2020 «Ұлы дала археологиялық және пәнаралық зерттеулер аясында» атты халықаралық ғылыми тәжірбиелік конференция материалдары. Алматы қаласы 17-18 қыркүйек 2020 ж. 274-285 бб.
  • Мамбетуллаев М. Хумбузтепа – керамический центр Южного Хорезма //Археология Приаралья. Вып. ІІ. Ташкент, 1984 – С. 21-39.
  • Самашев З, Базылхан Н, Самашев С. Древнетюрские тамги. – Алматы, 2010. – С.15-20.
  • Подушкин А.Н. Тамго-образные знаки из катакомб арысской культуры Южного Казахстана III в. до – IV в. н. э.//ҮлкенАлтай әлемі – Мир Большого Алтая – World of Great Altay 3(4) 2017 ISSN 2410-2725. С. 60-101.
  • Рогожинский. А.Е. Знаки идентичности (тамга) и памятники тамгопользования в Казахстане: древность, средневековье и новое время // Археология Казахстана № 3 (5) 2019. С. 99-121.
  • Толстов С.П., Воробьева М.Г., Рапопорт Ю.А. Работы Хорезмской археолого-этнографической экспедиции в 1957 г. // МХЭ. – М., 1960. – Вып. 4. – С. 203.
  • Толстов С.П. По следам древнехорезмийской цивилизации. – М., 1948. – С. 317.
  • Утубаев, Ж.Р., Болелов С. Б. Новые археологические открытия в низовьях Сырдарьи // Вестник Кемеровского государственного университета. – 2016. – Вып. – № 1 (65). – Т. 4. – С. 56–63.
  • Яценко С.А, Рогожинский А.Е. Введение // Тамги доисламской Центральной Азии. – Самарканд,:МИЦАИ, 2019. – С.8-42.
  • Яценко С.А. Тамги ираноязычных народов древности и раннего средневековья. – Москва: Восточный.литература «РАН»,2001. – 190 с.

References

  • Andrianov B.V. Otchet o rabote arheologo-topograficheskogo otryada v bassejne Zhanadari v 1958 g. // Arhiv IEA, RAN, fond 142, opis 2, ed. hr. 37. – M., 1958. – S. 164.
  • Andrianov B.V. Drevnieorositelnye sistemy Priaralya. – Moskva,: Nauka, 1969. – Р.251.
  • Baipakov K.M., Podushkin A.N. Pamyatniki zemledelchesko-skotovodcheskogo kultury Yuzhnogo Kazahstana. – Almaty, 1989.–160 s.
  • Baratov S.R. Znakina Keramicheski khizdeliyakh v drevnem Khorezme // Tamgi doislamskoy Tsentral'noyAzii. – Samarkand,: MITSAI, 2019. – 43-58 рр.
  • Bolelov S.B., UtubaevZh.R. Poselenie goncharov Babish-Mulla 7 v nizovya Syrdari (raskopki 2015 goda). // KSIA, vyp. 248, – Moskva, 2017. – 20–35 рр.
  • Bolelov S.B. RaspisnayakhozyaystvennayaposudadrevnegoKhorezma (pomaterialamKalaly-gyr 2). // PIFK, vyp. 1, –Moskva, 2010. – 122-142.
  • Bolelov S. B., Utubaev ZH. R. Goncharnoe proizvodstvo na territorii drevnej delty Syrdari v epohu antichnosti: novye dannye // Arheologiya Kazahstana №1 (7) 2020. S. 69-88.
  • Darmenov D.T., Utubaev Zh.R. Podboynyy tip pogrebalnykh sooruzheniy na gorodishche Chirikrabat // Soobshcheniya Natsionalnoy Akademi i Nauk. Seriyaobshchestvennykhigumanitarnykhnauk. – Almaty, NAN RK, 2017. – № 1 (311). - 25-33 рр.
  • Iatsenko S.A, Rogojınskıı A.E. Vvedenıe // Tamgı doıslamskoı Tsentralnoı Azıı. – Samarkand,:MITSAI, 2019. – 8-42 рр.
  • Іatsenko S.A. Tamgi iranoyazychnykh narodov drevnosti i rannego srednevekov'ya. – Moskva: Vostochnyy.literatura «RAN», 2001. – Р.190.
  • Ilyasov. Y. Tamgi Baktrii /Toharistana/ Tamgi doislamskoj Central'noj Azii. – Samarkand,:MICAI, 2019. – S.116-117.
  • KurmankulovZh, Tazhekeev A, Kzylbaev T., Abdikhalykov Sh. Otchet o razvedkenaterritoriiKyzylordinskoyoblastiposvodupamyatnikovza 2006 god // Otchetobarkheologicheskikhissledovaniyakhpogosudarstvennoyprogramme «Kulturnoenasledie» v 2006 godu. Almaty, 2007. 216-217 рр.
  • Kurmankulov ZH., Bolelov S.B., Utubaev Zh.R. Arheologicheskie issledovaniya na gorodishche Babish-mulla 1 v 2018 godu // Margulan okulary 2019 «Halykaralyk gylymi tazhіrbielіk konferenciya materialdary. Nur-Sultan 2019 zh. 301-316 bb.
  • Kurmankulov ZH., Utubaev ZH.R., Kasenova A.D., Suyundikova M.K. SHіrіk 4 keshenіne zhurgіzіlgen zertteulerdіn kejbіr natizhelerі (2017 zhylgy kazba negіzіnde) // Margulan okulary 2020 «Uly dala arheologiyalyk zhane panaralyk zertteuler ayasynda» atty halykaralyk gylymi tazhіrbielіk konferenciya materialdary. Almaty kalasy 17-18 kyrkuek 2020 zh. 274-285 bb.
  • Mambetýllaev M. Hýmbýztepa – keramıcheskııtsentrIýjnogoHorezma // ArheologııaPrıaralıa. Vyp. II. Tashkent, 1984 – Р.21-39.
  • Podushkin A.N. Tamgo-obraznye znaki iz katakomb arysskoj kul'tury YUzhnogo Kazahstana III v. do – IV v. n. e.//ҮlkenAltaj әlemі – Mir Bol'shogo Altaya – World of Great Altay 3(4) 2017 ISSN 2410-2725. S.60-101.
  • Rogozhinskij. A.E. Znaki identichnosti (tamga) i pamyatniki tamgopol'zovaniya v Kazahstane: drevnost', srednevekov'e i novoe vremya // Arheologiya Kazahstana №3 (5) 2019. S. 99-121.
  • Samashev Z, Bazylhan N, Samashev S. Drevnetıýrskıetamgı. – Almaty, 2010. – 15-20 рр.
  • Tolstov S.P., Vorobeva M.G., Rapoport Y.A. Raboty Horezmskoj arheologo-etnograficheskoj ekspedicii v 1957 g. // MHE. – M., 1960. – Vyp. 4. – S. 203.
  • Tolstov S.P. Po sledamdrevnekhorezmiyskoytsivilizatsii. – Moskva,: Leningrad, 1948. – Р.317.
  • Vaynberg B. I. Levina L.M. Chirikrabatskayakul'tura. – Nizovya Syrdari v drevnosti.Vyp. I. – Moskva, 1993. – Р.130.

4-    3-

 
 
   
 
2022 © Институт археологии им. А. Х. Маргулана Создание сайта Создание сайтов, разработка и сопровождение сайтов, продвижение, хостинг