Russian (CIS)ҚазақшаEnglish (United Kingdom)
 
 
ИНСТИТУТ
АРХЕОЛОГИИ
им. А. Х. Маргулана
Адрес:
г. Алматы, ул. Шевченко 28, пр. Достык, 44
 

Баннер

ruhani-jangyru-logo

Журнал Института археологии им. А. Х. Маргулана

КазНУ

Главная Рухани жаңғыру Асанас қалашығы - Алтын Орда дәуірінің эталонды ескерткіші

Асанас қалашығы - Алтын Орда дәуірінің эталонды ескерткіші

Елімізде ғасырлар бойы жиналған құнды қазыналарымыз бен ұлттық мұраларымызды зерттеу, қорғау, сақтауоларды еліміз бен халықаралық деңгейде насихаттап, таныту бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Алаштың анасына баланған Сыр өңірі адамзаттың қалыптасу кезеңіндегі ескерткіштерден бастап ортағасырлық, сондай-ақ, сәулет өнерінің ерекше үлгісімен салынған ғимараттарға, тарихи мәдени мұраларға өте бай өлке. Солардың ішінде ортағасырлық мәдениеттердің гүлденуіне өз үлесін қосқан Асанас қалашығының алар орны ерекше. Асанас-тарихи қала. Оған тарихи, жазба, этнографиялық және археологиялық деректер негіз бола алады.

Қалашық Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 48 шақырымда, Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылының оңтүстік-батысына қарай 8 шақырым жерде орналасқан.

Асанас атауы ортағасырлық Өзгент, Сығанақ, Жент, Баршынкент қалаларымен бірге кездеседі. Қалашық пішіні дұрыс емес дөңгелек. Көлемі 450х400 м. Қала мықты мұнаралары бар қабырғалармен бекітіліп, сырты ормен қоршалған. Қорғаныс қабырғасының бүгінгі күнге сақталған биіктігі 5 м-ге жуық, ені іргетасымен есептегенде 15 м. Шығыс бөлігінде орналасқан цитадельдің аумағы 40х50 м, биіктігі 1 м. Қалаға кіретін төрт қақпасы болған.

1946-1961 жылдары С.П.Толстов басқарған Хорезм археология этнографиялық экспедициясыАсанас қалашығына жүргізген археологиялық қазба-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, қала мәдениетін жасаушылар жергілікті оғыз тайпалары деген пікір айтады.

1968 жылы Іңкәрдария мен Жаңадария өзендерінің ескі арналарындағы ортағасырлық қоныстарды зерттеу мақсатында Хорезм археологиялық отряды Н.Н. Вактурская қалашықта екі стратиграфиялық-қималық қазба түсіріп, зерттеу жұмыстарын жүргізген.

2002 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Т.Мәмидің жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстары жүрді. Қазба нәтижесі шахристан дуалының орташа биіктігі 3 м, қалыңдығы 5 м, мұнаралар саны 20-ға жуық, олардың арасы 6 м екендігін көрсетті.

2005 жылы Шірік Рабат археологиялық экспедициясы ескерткішке қайта барлау жұмыстарын жүргізіп, Қызылорда облыстық ескерткіштер жинағына енгізген болатын.

Ал, 2020 жылы Қызылорда облысы әкімдігінің қаржыландыруымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығымен ескерткіште кешенді археологиялық қазба-зерттеу жұмыстары қайта жанданды. Далалық қазба жұмыстары үш археологиялық нысанда жүргізілді. Олар: №1 қазба қалашықтың шахристан бөлігінде орналасқан үлкен үй-жай, №2 қазба батыс қақпа және №3 қазба  цитадельдің оңтүстік қамал қабырғасына салынды. Сонымен қатар, №1 қазбаның үстіне жабынды тұрғызылып, батыс қақпаның аршылған архитектуралық құрылыстары уақытша тұмшаланды.

Қаланың солтүстігіне қарай 50 метр жерде Асанас ата кесенесі орналасқан. Кесене шаршы пішінді өлшемі 23х23х5см күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған. Аңыз бойынша Асанас ата – жергілікті танымал әулие Қожан қожаның нағашы атасы. Мәді (Маһди)-Диуана қожа, деректерге қарағанда, өте киелі әулие болған, бірнеше мәрте қажылыққа барған. «Диуана» – араб сөзі. Қазақшаға аударғанда «ақылды адам» дегенді білдіреді. Қажылық сапарының бірінде жаяу бара жатып, жолай қарақалпақ елінде бір ауқатты адамның үйінде құдайы қонақ болады. Үй иелері немқұрайлы карап, дәлізден орын береді. Түнде үй иесі жарқыраған сәуледен оянып кетеді.

Қонақтың үстінен шашыраған нұр сәулені көріп, дереу кемпірін оятады. Екеуі таң атқанша ойланып, қонағының тегін адам емесін біліп, алты ұлдың ортасындағы жалғыз қызын бабамызға бермекші болады. Таңертең бұл ойларын ұлдарына айтса, олар көнбейді: «Қаңғып жүрген адамға айдай қарындасымызды беремін дейсіңдер, екеуіңде алжығансыңдар», деп қонақтың көзін құртпақ болады. Мылтықпен бірнеше рет атса да бабамызға оқ дарымайды. Бейқам отырған бабамыз мына зұлымдықты көріп, алтауын әруағымен бір-ақ атады. Табанда бәрі жан тапсырады. Кейін мән-жайды ұғынған соң, кемпір мен шалды аяп: «Алты ұлынды тірілтейінбе? Әлде соларға татырлық бір ұл Алладан тілейінбе?» – депті. Сонда олар: «Шырағым, өлер балалар өлді. Ақымақтығы өздеріне сор болды. Енді бәріне татитын ұл бер»- депті. Бабамыздың тілегі қабыл болып, ұлды болыпты, бар қадір-қасиетімен туылыпты. Сол кездегі қызылбастардан (ирандықтардан) елін қорғаған батыр, әулие, әрі ақыл иесі болыпты. Бұл – Асанас бабамыз еді. Үй иелері қызын Мәдіқожаға қосады. Сол жерде 2-3 айдай аялдап, онан соң қажылық сапарын жалғастырады.

Асанас қалашығы және Асанас ата кесенесі Қызылорда облысы, Сырдария ауданы бойынша жергілікті маңызы бар мемлекет қорғауына алынған тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімінде. Сондай-ақ Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында құрылған «Қазақстанның Киелі орындарының географиясы» және Қазақстанның өңірлік маңызы бар қасиетті жерлері тізіміне енгізілген нысандардың бірі.

Әрбір ескерткіштермен жәдігерлерімізді келер ұрпаққа аманат етіп қалдыру бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы орайда Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану туралы Заң және одан туындайтын қағидаларға сәйкес, Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі тарапынан ескерткіштің құжаттары жаңаланып, қорғау тақтасы орнатылды және қорғау аймағы белгіленді.

2010 жылы кесенеге «Казреставрация» мекемесі қайтажаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қазақстанның ортағасырлық архитектурасы ерекше кесенелердің бірі ретінде зор тарихи-мәдени құндылыққа ие. Қазіргі таңда халық зиярат жасап, құран бағыштап, Алладан тілек тілейтін орындардың біріне айналды.

Археологиялық ескерткіштерді ұзақ әрі жоғарғы деңгейде сақтаудың бірден-бір жолы музейлендіру, яғни ашық аспан астындағы музейге айналдыру. Археологиялық нысандарды музейлендіру жұмыстары қазіргі заманғы музей саласындағы қызығушылығы басым істердің бірі болғанымен, ескерткіштерді музеефикациялау күрделі жұмыс болып табылады.

АрхеологА.И.Мартынов археологиялық ескерткіштерді музейлендіруде ескерткіштің ғылымда алар орны, жақын жерде елді-мекеннің, оған барар жолдың болуын ескерген жөн деп есептейді. Сондай-ақ ғалым археологиялық мұраларды музейлендіру негізінен археологиялық нысандарды жаңа қырынан түрлендіріп қазіргі қоғамға сай пайдалануға мүмкіндік береді және туризм cаласын дамытып, археология ескерткіштерін тек қазба-зерттеу барысында ғана емес, оларды білім беру, мәдени және туризмді дамыту мақсатында да қолануға болатындығын айтады.

Осы деректерді негізге ала отырып алдағы уақытта Асанас қаласынан ашық аспан астындағы музей құру шараларын жүзеге асыру үшін төмендегідей мәселелерді шешу қажеттігі туындайды:

  • Кешенді археологиялық қазба-зерттеу жұмыстарын жүргізу, жалғастыру;
  • Қазба барысында анықталған құрылыс нысандарын тұмшалау, сақтау, қорғау қайта қалпына келтіру және музейлендіру;

– Асанас – Ақтөбе – Кіші Ақтөбе – Жеті-зауыт – Қожан қожа және Асанас қалашығының аумағында орналасқанархеологиялықнысандарға туристік маршруттар ұйымдастыру;

– өңірдегі студенттер мен оқушылардың ғылыми практикалықсабақтарын ескерткіш маңына өткізу;

– тарих факультетінің студенттері ғылыми тәжірбиеден өтетін орынғаайналдыру.

Болашақта атқарылатын бұл жұмыстар Қазақ жерінде қалыптасқан мәдениеттердің гүлденуіне үлес қосқан ескерткіштердің бірі Асанас қалашығының тарихи бейнесін қалпына келтірер еді.Сонымен қатар  елімізде Ұлы жібек жолы бойындағы тарихи және мәдени ескерткіштердің туристік әлеуетін арттырудың маңыздылығы жайында білім көкжиегі кеңейеді. Тарихи мәдени орындармен халық арасындағы байланыс одан әрі нығайа түсері анық. Яғни, Асанас қалашығының туристік әлеуеті артып, Қызылорда облысы үшін қолайлы, мүмкіндігі мол инвестициялардың бірі болуы бек мүмкін.

Сүйіндікова Мақпал Қожахметқызы, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері

 
 
   
 
2021 © Институт археологии им. А. Х. Маргулана Создание сайта Создание сайтов, разработка и сопровождение сайтов, продвижение, хостинг