Russian (CIS)ҚазақшаEnglish (United Kingdom)
 
 
INSTITUTE
Archeology
named A. Kh. Margulan

Address:
44 Avenue Dostyk, st. Shevchenko 28, Almaty

 

Banner

ruhani-jangyru-logo

Археология институтының журналы. А.Х.Марғұлан

КазНУ

Главная Ruhani jangiru АРХЕОЛОГИЯДАҒЫ ОСТЕОЛОГИЯЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДЫ ЗЕРТТЕУДІҢ МАҢЫЗЫ

АРХЕОЛОГИЯДАҒЫ ОСТЕОЛОГИЯЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДЫ ЗЕРТТЕУДІҢ МАҢЫЗЫ

Шагирбаев Мамбет Сапарбекович, 

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері, археозоолог

4 -minАрхеологиялық қазба жұмыстары барысында керамикалық бұйымдармен қатар, кейде көп мөлшерде табылатын материал – жануар сүйектері. Жануар сүйектері мәдени қабатқа түскеннен кейін, әртүрлі кезеңдерге сай биологиялық және археологиялық ақпараттарды сақтап қалады. Остеологиялық материалдарды жеке зерттеу нысанына айналдырып, жануар түрлеріне қарай анықтау және сүйектерге статистикалық талдаулар жасау ежелгі халықтардың шаруашылығы, тамақтану ерекшеліктері, ғұрыптық дәстүрлері, жануарлардың экстерьерлік пішіндері, шаруашылықтағы жануар түрлерінің басымдығы, аңшылықтың ролі және т.б. құнды ақпараттар алуға болады.

Остеологиялық материалдарды зерттеу әдістері күрделі және арнайы маманның қатысуынсыз сүйектерден толық ақпарат алу мүмкін емес. Кей жағдайда, археологтар жалпылама түрде: «қой сойып жүрген адам сүйекті тани біледі» деп ойлайды. Бұл түбегейлі қате пікір! Жануарды сойып білетін адам, оның жалпы сыртқы пішініне сай, сүйектердің атауы мен жіліктеріне қарай бөлшектенуін білуі мүмкін. Бірақ, әрбір жеке сүйекте 11-ден 24-ке (бас сүйекте 50-ге жуық) дейін жеке элементтер топтасып, жалпы алғанда 300-ге жуық қаңқа элементтерінің түрлерін ажырату оңай шаруа емес. Сонымен қатар, қазба барысында үй жануарларынан бөлек, жабайы жануарлардың да сүйектері көп кездесетінін және остеологиялық материалдардың бірнеше жүз данадан, он мыңдаған данамен табылуын ескерсек – жоғарыдағы «сүйекті таниды» деген шеңберден шығып кетеді. Осы тұрғыдан алғанда, остеологиялық материалдарды археологтардың өздері тарапынан талдауға тырысуы, қате қорытындыларға алып келуі әбден мүмкін.

Археозоологияда сүйектерді зерттеудің өзіндік әдіс-тәсілдері қалыпасқан. Оның ішінде әрбір археозоолог айналысатын белгілі шартты зерттеу тәсілдері бар:

1) сүйектерді жануар түріне қарай ажырату;

2) әрбір анықталған жануар түрінің сүйектерін қаңқа элементтеріне қарай топтау;

3) нақты жануар түрінің индивидуальды түрдегі жасын анықтау;

4) жануарлардың жыныстық деморфизмін анықтау;

5) остеометриялық өлшемдер жүрігу және алынған сандық мәліметтерге статистикалық талдау жасау;

6) сүйектердегі патологиялық ауытқулар, остеофагия, кемірілген сүйектер, отта өртенген (кальцинация) және өңделген сүйектерді анықтау.

6 -minАталған әдістер – археозоологиялық зерттеудің «беткі қабаты» ғана. Себебі, қазба барысында әрбір хронологиялық кезеңге сай, жануар сүйектері әртүрлі бөлшектену үдерісіне сәйкес табылады. Археозоологиялық зерттеулерде мұны дм3-пен есептеу қалыптасқан. Егер остеологиялық материалдар 1 дм3-тен аз болса, онда көп жағдайда сүйектерді жануар түрлеріне қарай ажырату қиындық тудырады. Мысалы энеолит және қола дәуірлеріне тән тұрақтар мен қоныстардан көп жағдайда жануар сүйектері қатты бөлшектеніп табылуымен ерекшеленеді. Егер сүйек материалдар қатты бөлшектенген болса, онда археозоологтар мүмкіндігінше «таксономиялық рангке» сәйкес класын (сүтқоректілер – mammalia, құстар – Aves немесе балықтар – Pisces) анықтауға тырысады. Бұл ақпараттар ежелгі тұрғындардың шаруашылығының бағытын анықтауға ықпал ете алады.

Жануар сүйектерін зерттеудегі үлкен қиындықтардың бірі – бір тұқымдасқа немесе отрядқа жататын жануардың нақты түрін анықтау. Мысалы, тақ тұяқтылар (непарнокопытные) отрядындағы жануар сүйектері өзара ұқсас. Егер остеологиялық материалдар ерте кезеңдерге тән болса, онда сүйектер қолға үйретілген жылқыға (Equus ferus caballus) тиесілі ме, әлде жабайы жылқыға (Equus ferus) тиесілі ме, тіпті бүгінде құрып біткен тарпанға (Equus gmelini), шығу тегі әлі де даулы Пржевальский жылқысына (Equus przewalskii caballus), болмаса Стенон жылқысы (Equus stenonis) немесе құланға (Equus hemionus) тиесілі ме деген сұрақтың жауабын табу оңай емес. Есектің (Equus asinus) сүйегі де анатомиялық тұрғыдан жылқымен бірдей. Әсіресе соңғы екі жануардың (есек пен құлан) сүйегі аралас кездессе, жануар түрін анықтауға бірқатар қиындықтар орын алады. Өкінішке орай қазба барысында жоғарыда жануарлардың сүйектері көбіне сындырылып, бөлшектеніп табылуы да, археозоолог маман үшін зерттеу жұмысына кедергілер келтіреді. Дегенмен, бұл қиындықтарды шешу археозоолог маманның жеке тәжірибесі мен қолында аталған жануарлардың сүйектерінен құралған эталондар коллекциясының болуымен байланысты.

Осындай қиындықтар қой (Ovis aries L.) мен ешкі (Capra hircus L.) сүйектерін ажыратуда да байқалады. Себебі қой мен ешкінің сыртқы пішіндері әртүрлі болғанымен, анатомиялық құрылымы өте ұқсас. Екі жануарды нақты анықтауда бас сүйек (cranium), асық (talus), сирақ (metapodium) секілді элементтер болмаса, басқа сүйектерін (әсіресе омыртқа, қабырға) ажырату оңай шаруа емес.

3 .-minӘлемдік археозоологиялық зерттеулерде аталған жануарлардың қаңқа элементтерін ажыратуға талпыныстарды, оның ішінде арнайы методологиялық зерттеулерді де көптеп кездестіруге болады. Бірақ, остеологиялық материалдардың басым бөлігі (көп жағдайда барлығы дерлік) бізге бөлшектенген, сындырылған күйінде жететіндіктен, жоғарыда аталған методологиялық тәсілдер жеткіліксіз болып қалады. Бұл жағдайда, археозоологтар қой мен ешкі сүйектерін сақталуы нашар болса, кейде нақты ажыратпай, ортақ «уақ мал» (МРС-мелкий рогатый скот) деп қана топтайды.

Остеологиялық материалдар мүмкіндігінше жануар түрлеріне қарай ажыратылғаннан кейін, әрбір жануардың қаңқа элементтері анықталады. Зерттеудың бұл деңгейі остеологиялық материалдардың «ас үй қалдықтары», ғұрыптық қалдықтар немесе табиғи жағдайда сақталған (інінде өліп қалған немесе жыртқыш аң ініне алып келген аң сүйектері және т.б.) сүйектерді анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қаңқа элементтерін өз ішінде «бас сүйек», «кеуде сүйектері», «аяқтың жоғарғы бөлігі» мен «төменгі бөлігінің» сүйектері деген топтама жасау да археозоологиялық зерттеулерде кеңінен таралған әдістің бірі. Зерттеудің бұл тәсілі ежелгі тұрғындардың пайдаланған ет өнімінің жалпы мөлшерін анықтауда тиімді. Зерттеудің осы кезеңінде ежелгі тұрғындардың шаруашылығына қатысты негізгі ақпарттар алынады.

Жануардың индивидуальды жасын анықтаудың археозоологияда қалыптасқан әдістері бар. Тәжірибелі археозоологтар жануар тістерінің егелу (мүжілу) ерекшеліктеріне қарап та анықтауға мүмкіндігі бар. Дегенмен ең көп таралған әдіс – жануардың тұрақты азу тістерінің өсу кезеңдеріне және түтікшелі сүйектердегі эпифиздердің толық өсу үдерістеріне қарап анықтау. Бірқатар қиындықтарға қарамастан, жеке тістегі цемент шеңберлерінің қалыптасу сызықтары да жануардың нақты жасын анықтауға мүмкіндік береді.

Жануарлардың жыныстық деморфизмін сүйек қалдықтарға қарап анықтау өте күрделі. Себебі нақты жыныстық ерекшеліктерін білдіретін белгілер көп емес (жылқыда – азу тіс пен жұп тұяқтыларда – мүйіз және т.б.). Кей жағдайларда бүтін сүйектерге остеометриялық өлшемдер жүргізу арқылы да, жануарлардың жыныстық деморфизмін анықтауға болады. Бірақ бұл тәсілмен жұмыс істеу үшін, өлшем жүргізетін сүйектер саны өте көп болу керек. Егер өлшемдер саны аз болса, бұл тәсіл арқылы алынған мәліметтерде қателіктер көп шығады.7 -min

Биометрия немесе остеометрия (морофметрия) – археозоология ғылымының ажырамас бөлігі. Сүйектерді өлшеу арқылы археозоологтар ежелгі дәуірлердегі жануарлардың экстерьерлік пішіндері (жота бойынша биіктігі – высота в холке), тұқымдық ерекшеліктері, жыныстық деморфизмін және жануарлардың кейбір түрлерін (подвид) анықтай алады. Бірақ остеометриялық өлшем жүргізу әдісі әлі күнге жетілу үстінде. Археозоология ғылымында нақты қалыптасқан өлшем түрлерін көрсету қиын. Дегенмен кеңінен тарағаны А.В. Дриш пен В.Эйзенманның тәсілдері. Бірқатар археозоологтар жеке сүйек элементтерін өлшеудің өзіндік тәсілдерін де ұсынады (П.А. Косинцев). Жалпы алғанда әдістердің қайсысы болсын, ғылыми зерттеуде дұрыс қорытынды жасауға кедергі келтірмейді.

Жануар сүйектерін археозоологиялық талдау барысында, жануардың тірі күнінде сынған немесе сүйекпен байланысты ауру белгілері де байқалады. Мәселен, кейбір жұптұяқты жануарлар (ірі қара, уақ мал) тұз немесе басқа да минералдар жетіспеуінен, сүйектерді шайнау мысалдары кездеседі. Мұндай белгілерді – отеофагия деп атайды. Жыртқыш жануар мүжіген сүйек пен тұяқты жануар мүжіген (жұп тұяқты жануарлар сүйекті кемірмейді, тек шайнайды – Ш.М.) сүйектер өзара әртүрлі болады. Сүйек аруруларының ішінде жылқы мен ірі қарада ауыр салмақ пен шаруашылықта көп пайдаланудан (остеоартроз және т.б.) немесе тістегі минерал жетіспеушілігінен болатын (гипоплазия және т.б.) аурулардың белгілері бар элементтер де көптеп кездеседі. Мұндай ерекшеліктерді арнайы мамандар болмаса, жай адамдар байқай қоюы екі талай.

Археологтар үшін маңызды мәліметтердің бірі қазба барысында табылған массалық сүйек материалдардан – жануар санын шығару. Бірақ, археозоологияда сүйектер санынан – жануар санын шығару өте күрделі және нәтижелерді нақты мәлімет ретінде қарастырудың өзіндік кемшіліктері бар екенін ұмытпау керек. Әрине, егер сүйектер жақсы сақталған және бүтін немесе шартты түрде бүтін сүйектер болса, одан жануар санын шығару аса қиын емес. Егер материалдар қатты бөлшектенсе, жануар санын шығаруда қателіктер де көп кетеді. Мұндай жағдайда, әрбір анықталған сүйекті, қаңқаның сол немесе оң жақ бөлікке тиесілі екендігін ажырату қажет. Анықталған симметриялы емес сүйектердің ең көп кездесетін саны жануар сүйектерін шығаруда негізге алынады.

Жоғарыда аталған методологиялық әдістер археозоологиялық зерттеулердің алғашқы кезеңі десе де болады. Зерттеулер толыққанды жүзеге асуы үшін жануарлардың қаңқа элементтерінің толық эталондары болуы өте маңызды. Себебі, кей жағдайда нақты жануар түрін ажыратуда, маманның қолында эталонның болмауы көп кедергі тудырады. Сол себепті археозоологтар өздері зерттеген остеологиялық материалдардан бүтін элементтерді сақтап, жануар түрлеріне қарай эталондар коллекциясын қалыптастыруға тырысады. Өкінішке орай, бұл өте баяу жүреді және көп жағдайда жануардың барлық сүйектерін бүтін күйінде табуға мүмкіндік бола бермейді.

6 -minОтандық археологияда остеологиялық материалдармен жұмыс жасаудың қазіргі сипаты салыстырмалы түрде аса жақсы деп айтуға келмейді. Мұның себебі, елімізде арнайы осы саланың мамандарын дайындаудың жолға қойылмауы. Бұдан жарты ғасыр бұрын (70-ші жылдары) Л.А. Макарова, Т.Н.Нурумов секілді палеозоологтар – археологтармен тікелей байланыста жұмыс жасауды бастағанымен, бұл үрдіс 90-шы жылдары біршама саябырсып қалды. Себебі аталған екі маман да зейнет жасынан асқаннан кейін, археозоологиялық зерттеулерге көп араласа алмады. 90-шы жылдардан бастап Қ.Қашқынбаевтың зерттеулері археозоология бағытының дамуына үлес қосты. Сонымен қатар, Л.Л. Гайдученконың да зерттеулерін ерекше атауға болады.

Археологтар кей жағдайларда палеонтолог мамандармен де байланыс орнатып, бірқатар отандық палеонтологтардың да көмегіне жүгінген. Остеологиялық материалдарды зерттеумен айналысып жүрген палеонтологтардың ішінде Б.У. Байшашовты ерекше атай аламыз. Қазақстандық сүйек материалдармен жұмыс істеп жүрген археозоологтардың ішінде ресейлік мамандардың да үлесі көп. Мысалы Екатеринбургтік палеозоологиялық мектептің мамандары П.А. Косинцев, Д.О. Гимранов секілді археозоологтар да осы бағыттағы зерттеулерге ат салысып келеді.9 -min

Жалпы алғанда, елімізде остеологиялық материалдармен жұмыс тоқтап қалған жоқ, бірақ даму үдерісі баяу жүруде. Осы тұрғыдан алғанда, елімізде «археозоолог» мамандар дайындау ісі күн тәртібінде тұр деп айта аламыз.

Арнайы мамандар дайындау ісі тек «жануар сүйектері» ғана емес, металл және шыны бұйымдар, тас құралдар, дендрохронология, мата (жүннен тоқылған) және тері бұйымдар және т.б. зерттеуде де қажеттілік тудырып отыр.

Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, «Археологиялық технологиялар зертханасының» құрамынан ашылған (қайта қалпына келтірілген) «Археозоология» бөлімі қазіргі таңда археологтар анықтаған остеологиялық материалдармен жұмыс жасауды қолға алып отыр. Мүмкіндігінше, шет елдік және отандық палеозоологтар мен палеонтологтардың көмегіне сүйеніп, «Археозоология» зертханасын дамытуға күш салынуда. Қазіргі таңда, зертханадағы «Археозоология» бөлімінің басты мақсаттары:

- жануар түрлерінің қаңқа элементтері бойынша, сапалы эталондар коллекциясын жасау;

- Археология институты мамандарының қазба жұмыстары барысында жануар сүйектеріне көңіл бөліп, толықтай жинастырылуын бақылау;

- жыл сайынғы анықталған остеологиялық материалдарға тұрақты зерттеулер жүргізу;

- остеологиялық материалдармен байланысты мәліметтерді ғылыми айналымға енгізу;

- биометриялық зерттеулердің негізінде статистикалық мәліметтер базасын құру.

Аталған мәселелерден бөлек, соңғы уақытта жануар сүйектерін зерттеудің зертханалық құрал-жабдықтар көмегімен ғана іске асатын кейбір әдістерін (сүтқоректілер жасын тістегі регистрациялық құрылым арқылы анықтаудың жаңа әдістері, сүйектердегі патологиялық өзгерістер) игеру жұмыстары жүргізілуде.

2 .-min   1 .-min 1

 
 
   
 
2022 © Институт археологии им. А. Х. Маргулана Создание сайта Создание сайтов, разработка и сопровождение сайтов, продвижение, хостинг