Russian (CIS)ҚазақшаEnglish (United Kingdom)
 
 
Ә.Х. Марғұлан
атындағы
Археология институты
Адрес:
г. Алматы, ул. Шевченко 28, пр. Достык, 44
 

Баннер

ruhani-jangyru-logo

Марғұлан атындағы Археология институтының журналы

КазНУ

Бастыбет Мәдени мұра Қызылүйік археологиялық аймағындағы 2009 жылғы зерттеулердің қысқаша қорытындылары

Қызылүйік археологиялық аймағындағы 2009 жылғы зерттеулердің қысқаша қорытындылары

Самашев З. С., Оңғар А., Қиясбек Ғ.

Өңірдің Үстірт пен Маңқыстаудағы дах-массагеттердің этникалық, миграциялық процестеріндегі орнын, жерлеу-ғұрыптық іс-әрекеттердің шығу тегі, қалыптасуы мен таралуын зерттеу мақсатында Қызылүйік археологиялық кіші аймағындағы көлемі кішірек храм-ғибадатханалар, обалар мен жауынгерлердің тас мүсіндерінің сынықтары бар бірнеше рәсімдік-табыну құрылыстарды зерттеу ісін биылғы далалық маусымда жалғастырдық.
Қызылүйік 2 және Қызылүйік 4 ғұрыптық объектілері зерттелінді.  
Қызылүйік 2. Құрылыстың қазбаға дейінгі диаметрі 24,2 м (б-ш) х  23,9 м (с-о), сақталынған биіктігі 2 м. Ашылған құрылыстың сыртқы диаметрі  11 м (с-о) х 11,1 м (б-ш). Дөңгелек пішінді. Сыртқы қабырғасы өте жақсы сақталмаған. Сақталғаны әр жақтан 2-3 қатар ғана, ал солтүстік, солтүстік-батысында тіпті қас беттік плиталардың астыңғы қатары да жоқ.
Қызылүйік 2 объектісінің ішкі кеңістігінде топырақ қабаты көп болды. Ұлутастардың аздығы бұл құрылыс үстінің өз заманында ашық тұрғанын және еш күмбез тәрізді қалаудың болмағандығын көрсетеді. Ал осы кірер жердің сыртқы оңтүстік жағы әдеттегідей сақталмаған.
Орташа көлемді ғұрыптық объект болса да екі сатыдан тұрады. Үстіңгі екінші сатысының ені мөлшермен 1,4-1,6 м.
Құрылыстың солтүстік-шығыс, шығыс ішкі бөлігінен бірнеше адамның бассүйегі бар адам сүйектері табылды. Бұлар ортағасырлық жерлеулер болуы мүмкін. Оған осы жерлерден, осы деңгейлерден табылған қыш ыдыстың сынықтары дәлел.
Құрылыстың ішінің диаметрі 3,63 (с-о) х 3,4 м (б-ш). Құрылыстың ішкі кеңістігі солтүстіктен оңтүстікке қарай сопақша келген. Ішкі кеңістігін зерттеу кезінде әр деңгейден көптеген қыш сынықтары, ұсақ мал мен адамның сүйектері табылды.
Құрылысқа ену оңтүстіктен бірнеше градус батысқа қарай ауытқымалдық жерден болды. Бұл ауытқымалдылық бұл ғұрыптық объектіні салу мезгілін көрсетуі мүмкін. Кірер бөліктің оңтүстік жағы тұйықталған, кіру шахта-құдық тәрізді болған. Есік-ойығы дәлізін табалдырық деңгейімен зерттеу барысында дәліз таза топырақ қабатына толы болды. Шығыс ұзын қабырғасының сақталу биіктігі 0,7-1,5 м (5-9 қатар). Батыс ұзын қабырғасының сақталу биіктігі 0,82-1 м (6-8 қатар). Бұл өлшемнің барлығы табалдырық деңгейімен алынды. Дәліздің батыс ұзын қабырғасы сыртқа шалқая келген. Бірқатар көлденеңінен қойылған тас плитадан дәліздің қабырғасын жасай салған. Дәліздің шығыс ұзын қабырғасының ұзындығы 2,15 м, батыс ұзын қабырғасының ұзындығы 2,3 м. Дәліздің ұзына бойғы ортаңғы ені 0,9 м, оңтүстігіндегі бітер тұсындағы ені 1,08 м. Дәліздің оңтүстігіндегі қабырғасының сақталыну биіктігі 0,6 м (4-5 қатар). Осы қабырғадан оңтүстік сыртқы қас беттік қабырғаға дейінгі ұзындығы 1,45 м.
Есік-ойығының астыңғы ені 0,53 м, ортаңғы ені 0,67 м, жоғарғы ені м, ал табалдырықтан алғандағы биіктігі 1,2 м. Адам еңкейіп енген.
Құрылыстың ішінен оңтүстігінен кіре-берісте 0,4 м шығыста, яғни оң жақта төменгі тас қалау қатарынан 0,4 м тереңдіктен қабырғаға тігінен жатқызыла қойған 4-5 плитаны алу барысында қабырға астына 0,3-0,35 м енгізіле қойған адам жерлеуі анықталды. Адам лақатта, арқасымен, аяғы созыла, беті оңға қаратыла қойылған. Мұнда аласа бойлы бойжеткен жерленсе керек. Оң қолының шынтақ тұсынан бірінің үстіне бірі үш қатар етіліп қойылған тік тұтқалы қола айнаның сынықтары мен тура жанында жоғарыда бір жерде қара агат, ақ паста т.б. жасалған кіші моншақтар мен тастан жасалған моншақтардың сынықтары табылды. Моншақтардың сақталуы нашар. Адамның басынан өкшесіне дейінгі ұзындығы 1,55 м. Адамның оң қолының ұшында темір «біз».
Қызылүйік 2 ғұрыптық құрылысы айналасынан №№1-4 объектілері зерттелді. Оның №1 объектісі оңтүстік-батысындағы жалпақ ірі плиталардан бірі-біріне жалғастыра,  батыс, солтүстік-батыс – шығыс, оңтүстік-шығыс бағытта соза қойған, бірі біріне жалғаса жатқан, ірі плиталарды жалпағынан қою арқылы жасалған екі қоршаудан тұрды. Мұнда мұсылмандық ғұрыппен екі адам жерлеген екен. Еш зат табылмады. Бұл объектінің солтүстік, солтүстік-батысында қазақ зираттары бар. Объектіден оңтүстік-шығыс және шығыс бағытта тағы да ғұрыптық объектілер бар. №2 құрбандық орны құрылыстың шығысында орналасқан. Жер бетінен 0,2 м тереңдіктен бес қыш ыдыстың сынықтары табылды. Құрылыстың шығысындағы №2 объект тастардың шоғыры болып шықса, №3, №4 объектілер де тастардың жиынтығы. 
Қызылүйік 4. Объект сырттан қарағанда екі сатыдан тұратын оба үйіндісі түрінде жатты. Объектінің қазбаға дейінгі диаметрі 31,1 м (б-ш) х 31,9 м (с-о), сақталыну биіктігі 3,1 м. GPS UTM координатасы: 40 Т 0452341, 5119388. Бұл өңірдегі көлемі жағынан екінші осы объект үлкен Қызылүйік ғибадатханасынан оңтүстік-батыста 15,5 км, Қызылүйік 2 объектісінен оңтүстік, оңтүстік-батыста 5 шақырымдай жерде шыңырау құдықтары бар Тасастау терең сайының оңтүстік жақ бетіндегі биікте, тегістіктің басталар жерінде орналасқан. Бұл жерден айналасы 14-16 км кеңістік көрінеді.
Құрылыстың тас пен топырақтан тұратын «денесінің» сыртқа қарай ығысуынан қас беттік бір қатар плиталардың бүйірін жара отырып топ-тобымен құлаған. Қас беттік плиталар үлкен Қызылүйік ғибадатханасын салуда қолданған плиталарға қарағанда жақсы тегіс өңделген. Плиталар сына тәрізді ішкі жағы үшкірлене келген, ені жіңішке, 38 см-ге дейін қалыңдықта келеді. Құрылыстың оңтүстік-батысындағы сақталынған қабырғадағы қас беттік плитадан жалғыз белгі-таңба кездесті. Бұл құрылыста платформа байқалмады.
Қызылүйік 4 құрылысы үлкен Қызылүйік ғибадатханасындағыдай өте қатты құламаған, мұны Қызылүйік 4 объектісінің аталған объектіге қарағанда өте биік болмағандығымен түсіндіруге болар. Оңтүстік бөлігінен басқа жерлерде түгел ор бар. Тек әр жақта ордың біресе ені тарайып, біресе ұлғаяды. Бұл құрылысты салуда әр жағынан алынған топырақ мөлшеріне сай болса керек. 
Қызылүйік 4 объектісінің ішкі ашық кеңістігінің диаметрі мөлшермен 7,84 м (ш-б) х 7 м (с-о). Қабырғасының ішкі қабырға мен сыртқы қас беттік қабырға арасындағы ендері былай: солтүстігінде 5,6 м, солтүстік-батысында 5,55 м, батысында 5,50 м,  шығысында 5,9 м, ал солтүстік-шығысында 6 м.
Ашылған құрылыстың жалпы диаметрі мөлшермен 18 м, сақталынған биіктігі 3,1 м. Күмбездің барлық салмағы түскен екінші құрылыс сатысының ендері солтүстігінде 2,74 м, солтүстік-батысында 2 м, батысында 2,7 м,  шығысында 2,4 м, ал солтүстік-шығысы жақсы сақталмаған.
Оңтүстік қазба жиегінің астында 1,3 м ендікте төрт жағынан да астына қарай құлаған, қырынан тік болып ішке шаншыла жатқан плиталар есік-ойығының үстіңгі жағы болуы мүмкін. Ескерткіш шамамен б.з.д 4-3 ғғ. мерзімделіп отыр.

 
 
   
 
2022 © Институт археологии им. А. Х. Маргулана Создание сайта Создание сайтов, разработка и сопровождение сайтов, продвижение, хостинг