Russian (CIS)ҚазақшаEnglish (United Kingdom)
 
 
ИНСТИТУТ
АРХЕОЛОГИИ
им. А. Х. Маргулана
Адрес:
г. Алматы, ул. Шевченко 28, пр. Достык, 44
 

Баннер

ruhani-jangyru-logo

Журнал Института археологии им. А. Х. Маргулана

КазНУ

Главная Рухани жаңғыру ОРТАҒАСЫРЛЫҚ АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНДАҒЫ МҰНАРА

ОРТАҒАСЫРЛЫҚ АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНДАҒЫ МҰНАРА

Ералы АҚЫМБЕК, PhD доктор, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері

Ортағасырлық Ақтөбе қаласындағы мұнара – Қазақстан аумағындағы мұсылмандық стилде тұрғызылған алғашқы мұнаралардың бірі екендігі дау туғызбайды. Мұсылмандық стилде тұрғызылған құрылыстарға мешіт, медресе, монша және т.б. жатады. Мұндай құрылыстардың Қазақстан аумағында пайда болуына ислам дінін таратумен келген арабтар әсер еткендігі анық.

 Арабтар ислам дінін тарату мақсатында Қазақстанның оңтүстік аумағына VІІІ ғ. бастап келе бастады. Бұл кезде аталған аймақта Түргеш қағанаты өмір сүрді. Түргештер арабтармен көп қарсыласқанымен, біртіндеп ішкері енді. Сондықтан арабтар түргештердің қағаны – Сұлуды «Сүзеген» (Әбу Музахим) деп атады.

751 жылы Тараз маңында, сол кезде Қазақстан территориясына шабуыл жасаған қытайлықтар Атлах жерінде арабтармен шайқасады. Нәтижесінде қытайлықтар жеңіліп кері шегініп кетеді. Бұл арабтардың Талас өңіріне келген уақыты болатын.

Ислам дінін тарату бойынша саманидтер оңтүстік өңірлерге жорық жасап, 893 жылы Тараздағы шіркеуді мешітке айналдырады. Дегенмен, саманидтер бірқатар қалаларды бағындырғанымен, мұнда көп тұрақтамады.

Түргештерден кейін келген Қарлұқ қағанатының орнына Қарахан мемлекеті құрылған кезде ислам діні кең тарала бастады. Қарахан мемлекетінің билеушісі Салтұқ Боғрахан 955 жылы қайтыс болғанан кейін орынына келген Мұса 960 жылы ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялады.

Қарахан мемлекеті тұсында жекелеген қоғамдық немесе діни ғимараттардың жоспарлануы мен сыртқы келбеті өзгерді. Себебі, ислам дінімен қатар арабтар басып алған елдердің ғылымы, білімі, құрылыс ісі және т.б. бірге келді. Қаншама халықтар мен мәдениеттердің тоғысуынан «Ислам өркениеті» қалыптасты. Мұны кейде Батыс елдері «мұсылмандық ренессанс» деп атайды.

Бұл өркениеттен Қазақстан аумағы да қалыс қалмады. Себебі, Х–ХІІ ғасырларда еліміздің оңтүстік аймақтарындағы қалаларда көптеген қоғамдық және діни құрылыстар бой көтерді. Еліміздегі осы уақыттағы құрылыстар жергілікті стилмен етене байланысқан өзіндік бір ерекше келбетте тұрғызылды. Мұны кезінде Орта Азияның орта ғасырлардағы архитектурасын жете зерттеген археолог және өнертанушы, Өзбекстан Ғылым академиясының академигі Г.А. Пугаченкова «Солтүстік Түркістандық мектептің» стилі деп айтқан болатын.

Бүгінде Х–ХІІ ғасырларда салынған құрылыстарға мың жылға жуық уақыт болды. Бұлардың бүгінге дейін сақталғандары жоқ десек те болады. Уақыт олардың барлығын жерге көмді. Ғасырлар бойы жер астында жатқан сәулет өнері құрылыстарын ашу тек соңғы бір ғасыр көлемінде ғана іске аса бастады. Мұсылмандық стилде салынған сәулеттік құрылыстарды бүгінде «Ислам архитектурасы» деп атап жүрміз. Қазақстан аумағындағы Исламдық архитектураларды ҚР ҰҒА академигі К.М. Байпақов өз еңбегінде толық берген еді.

Жерге көміліп қалған сәулеттік ескерткіштерді «археологиялық архитектура» деп те атап жатамыз. Осындай ескерткіштеріміз жыл өткен сайын саны біршама артып келеді. Әсіресе, соңғы екі онжылдықта археологиялық ескерткіштерімізді зерттеп қарқынды бел алып, қыруар жұмыстар атқарылды. Мемлекет тарапынан өткенімізді, тарихымызды зерттеуге ерекше көңіл бөлініп, «Мәдени мұра», «Гранттық қаржыландыру» аясында талай ескерткіштерімізге қайта жан бітіп, елдің көрер орындарына айналды. Сондай көрермендері көп, келуші туристері мол ескерткіштің бірі – ортағасырлық Ақтөбе қаласы.

Ортағасырлық Ақтөбе қаласы Жамбыл облысы Шу ауданы Ақсу ауылының оңтүстігінде, Шу өзеніне құятын Сарғау, Ақсу, Қарабалта өзендерінің аралығында орналасқан үлкен ескерткіш.

Бүгінде ескерткіштің орталық бөлігі қалпына келтірілген, қонақтарды қабылдап жатыр. Көрермендердің қызыға қарар және ата-бабаларымыз осындай керемет ғимаратты тоғыз ғасыр бұрын тұрғызған ба деген мақтаныш сезімін оятатын нысанның бірі – ортағасырлық мұнараның іргетасы.

Мұнара қалдығына 2009 жылы Ə.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Ақтөбе археологиялық экспедициясы, 2015 жылы Тұран археологиялық экспедициясы далалық маусымда зерттеу жұмыстарын жүргізіп ХІ–ХІІ ғасырларға жататын мұсылмандық стилде салынған мұнараның іргетасын толық ашты.

Мұнара екі бөліктен: іргетасынан (стилобат) жəне жоғарғы бөліктен (цоколь) тұрады. Құрылыстың сақталған биіктігі 3,6 м құрайды. Құрылысты 1-1,5м қалыңдықтағы құланды қыш кірпіштер басып қалған. Бүтін кірпіштерін тасып алынғандығы анық байқалады. Төртбұрышты мұнара іргетасының жоғарғы жағының көлемі 8,65x8,5 м, биіктігі 2,6 м. Бұрыштары әлемнің төрт тарабына бағытталған. Оның іші, ортасы толығымен қыш кірпіштен қаланған. Тығыз әрі өте берік етіліп ашық жерсіз өрілген. Қабырға біркелкі бүтін кірпіштерден қаланса, құрылыстың ортасына сынған жəне əртүрлі өлшемдегі кірпіштер пайдаланылған. Кірпіштердің өлшемдері біркелкі емес, негізінен өлшемдері қарахан уақытына тән кірпіштер.

Құрылыстың жоғарғы бөлігінен батыс қабырғасының кішкене қаландысы жəне шығысында екі кірпіші ғана сақталған. Тұрғызылуы мен сəулеттік ерекшеліктеріне қарағанда мұнараның осы бөлігі (цоколь) сегіз қырлы болғанға ұқсайды. Сақталған орта тұсының биіктігі 1 м. Сегіз қырлы бөлігінің батыс бұрышында сақталған қабырғасының ұзындығы 1,8 м, биіктігі 0,33 м. Қабырға іргетас бұрышына қарама-қарсы үшбұрыш жасап тұр. Осыған қарама-қарсы іргетастың шығыс бұрыш жағындағы жоғарғы бөліктің екі кірпіші сегіз қырлы құрылыстың бір бұрышын құрап қаланған. Бір кірпіші іргетастың шығыс бұрышына үшбұрыш жасап қойылса, екінші кірпіші (диагоналынан кесілген жарты кірпіш) іргетастың оңтүстік-шығыс қабырғасына параллель 0,35 м ішкері қаланған. Олай болса, мұнараның жоғарғы бөлігінің төрт қабырғасы іргетас қабырғасынан 0,35 м ішке кіріп тұрған. Қалған төрт қабырғасы төрт бұрышына қарама-қарсы тұрғызылған. Батысындағы қабырға мен шығысындағы кірпіштің арасы 7,85 м. Соған қарағанда мұнараның сегіз қырлы түбінің (цоколь) диаметрі 7,85 м болған болуы керек.

2017–2018 жылдары «Қазқайтажаңғырту» мекемесі мұнараның төртбұрышты келген іргетасы мен сегіз қырлы бөлігіне біршама қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Төртбұрышты іргетасының бүлінген бөліктерін толығымен қалпына келтіріп, сегіз қырлы келген бөлігін 1 м биіктікке дейін көтереді.

Бүгінгі таңда ортағасырлық Ақтөбе қаласының айтарлықтай қалпына келтірілген орталық бөлігіндегі ғимараттармен бірге мұсылмандық стилде салынған мұнара ерекше маңызға ие болып отыр. Әзірге, бұл Қазақстан аумағынан анықталған алғашқы қыш кірпіштен қаланған мұнара болып табылады.

1-min  2-min   3-min

 
 
   
 
2022 © Институт археологии им. А. Х. Маргулана Создание сайта Создание сайтов, разработка и сопровождение сайтов, продвижение, хостинг