Russian (CIS)ҚазақшаEnglish (United Kingdom)
 
 
INSTITUTE
Archeology
named A. Kh. Margulan

Address:
44 Avenue Dostyk, st. Shevchenko 28, Almaty

 

Banner

ruhani-jangyru-logo

Археология институтының журналы. А.Х.Марғұлан

КазНУ

Главная News Археологияда ашылған аралдар

Археологияда ашылған аралдар

хақында Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Урбандануды және номадизмді зерттеу бөлімінің бастығы академик Карл Байпақов әңгімелейді

– Құрметті Карл Байпақұлы, cіз бен біздің бұл әңгімеміз баршамызға қастерлі Тәуелсіздік күні қарсаңында өтіп отыр. Олай болса, еліміз егемендік алып, ендігі жерде ешкімге жалтақтамайтын болып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен жылдардағы ілкімді табыстар, сүйіншілеген ашылымдар, қауымды қуантқан жарқын жаңалықтар жайында кеңірек баяндап берсеңіз?

– Әрине, тәуелсіздік кезінде ғылымның барлық салаларында көп істер тындырылды. Ал менің әңгімем археология хақында болмақ. Мен осынау ширек ғасырға жуықтап қалған жылдардағы ең маңызды оқиға ел Президентінің бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасының қабылдануы болды деп есептеймін. Ол 2004 жылдан әзірленіп іске қосылып, он жыл бедерінде орайымен орындалып келеді. Бұл өзі керемет ауқымды бағдарлама. ТМД-ның бір де бір елінде мұндай өнеге жоқ. Әрі мұның өзі археологияның әр алуан салаларындағы, әр өңірдегі кең құлашты ізденістермен тікелей байланысты болып, соларға дем берді. Іс жүзінде бүкіл Қазақстан археологиялық экспедициялармен көктей өрнектелді. Әлбетте, қаржыландыру жайы да көп жақсарды. Осының бәрі өзінің жемістерін берді.

– Атап айтқанда?

– Иә, осы уақытта алуан-алуан әрқилы ескерткіш жәдігерлер ашылды. Ең бастысы, осынау көне жәдігерлерді зерттеу барысында біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің бедер-суреті ақиқатпен айшықталып, неғұрлым айқындала түсуде. Осы ретте ғылым мерейін тасытып, ғалымдарды қуантқан сондай бірнеше жарқын ашылымдарды атап өтейін. Ол – палеолит дәуірі ескерткішінің табылуы. Бұл дегеніңіз – біздің тарихымыздың ең ежелгі кезеңі, тас дәуірі. Алматы маңынан археолог Жәкен Таймағамбетов палеолит дәуіріне жататын Майбұлақ қонысын тапты. Бұл Жетісу жерінде, біздің ата тарихымызда тұңғыш кездесіп отырған толағай оқиға. Топырақ қабаттарының, шөгінділердің ерекшеліктеріне сай қоныстың уақытын анықтай алдық. Оған 20 мың жыл. Демек, осыдан 20 мың жыл бұрын Жетісуды адам мекендеген. Сөйтіп, өркениет өрбіп, одан арғы мейлінше кең өрісті жалғасын тапқан.

Осы қатардағы ең елеулі ашылымдардың бірі ретінде Орталық Қазақстандағы, Қарағанды төңірегіндегі Кент қонысы қазбаларын айтар едім. Кент қонысы зерттеулерінің мәнділігі сонда, ол қола дәуіріне, Андрон мәдениетіне жатады. Біздің көнеден тамыр тартқан мәдениетімізді, өркениетіміздің тұнық бастаулы үдерісін тереңнен толғап түсіну орайында бұл өте маңызды жайт. Мұның шын мәнісінде жай ғана қоныс емес, протоқала, қалаларымыздың түп атасы екені анықталды.

– Солай деңіз?

– Ол, сонымен қатар, кезінде Ресей археологтарының Арқайымда ашқан жәдігеріне өте ұқсас. Бұл Қостанай мен Челябі облыстарының шегінде жатыр. Бұл да қала, яғни протоқала, қала дәуірі. Сәулеттік құрылыстар. Бұл қолөнершілік кәсіп пен сауда қаулап дамыған уақыт. Оның үстіне сауда алыс жерлерге, шалғай шеттерге құлашын кең жазған. Міне, нақ осы кезде прото-Жібек жолы алғашқы соқпағын тартады. Сауданың ұлы күретамырының тұңғыш өркені осылай көктейді. Сөйтіп, ол бүкіл Еуразияны қабыстырады. Бұл дегеніңіз, енді, протомемлекеттердің құралып, қалыптаса бастаған дәуірі.

– Сонда біз қазіргі Қазақстан шегінде өзгеше, өзіндік өркениет қола дәуірінде басталған деп кәміл сеніммен айта аламыз ғой?

– Айта аламыз. Кент қаласы осының айғағы. Осы тектес маңызды ашылымдар тәуелсіздік кезеңіне дейін де болған, олар жайлы көп айтылған, жазылған. Ол Есік обаларындағы Кемел Ақышев ашқан жаңалық. Сол кеңестік уақытта қазақ археологы қазіргі Қазақстан аумағында мемлекет болғандығы туралы бірінші болып айтқан еді. Бұл өте маңызды ашылым болатын. Есік обалары, одан кейінгі Кент қалалық қонысы бізге ол жайында бар дауыспен айтуға мүмкіндік береді. Бір нәрсе айқын: Қазақстан аумағында, қазақ сахарасында мемлекеттер біздің бұрынғы пайымдауымыздан әлдеқайда ерте пайда болған. Яғни, біздің дәуіріміздің VI ғасыры емес, одан 1000 жыл әріде, біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырларда.

Сонымен бірге, сақтардың мемлекеті де Қазақстан шегінде өркен жайғаны соңғы жылдарда дәлелденді. Олардың орнын басқа елдік құрылымдар – үйсіндер мен қаңлы мемлекеттері басты. Бұл өте маңызды жайт. Біз өз мәдениетіміздің, үйсіндер мен қаңлылар өркениетінің қалай дамығанын алақандағыдай көреміз. Үйсіндерді біз барған сайын түркі текті, түркі тілді халық болған деп айтудамыз. Мұны тарих шежіресімен сабақтастыра қараған жөн. Ежелгі үйсіндерден, үйсін мемлекетінен бастайық. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасыр мен біздің дәуіріміздегі ІІІ ғасыр аралығы. Сол ежелгі үйсіндер мен қазіргі қазақ-үйсіндер сабақтастығының сыры қандай? Қазақтың Ұлы жүзінің үйсін деп аталуы тегін емес. Иә, сол бағзы заманда Ұлы жүз тайпалары үйсін деп аталғаны анық. Енді біз бұл туралы ашық айта аламыз. Иә, Қазақстанның Жетісу жеріндегі халық автохтондар болған. Ол бірнеше ғасыр бойы дамып, біздің дәуіріміздің ІІІ ғасырында мемлекет болып қалыптаса бастаған. Бұл дегеніңіз біздің ел аумағындағы саяси құрылымдардың, саяси тектің, мемлекеттіктің дамуын айқындауға мүмкіндік береді.

– Ұлы Жібек жолы да осы көне замандарда дәуірлеген жоқ па?

– Археологтардың қажыр-қайратымен, қазба зерттеулермен қазіргі анық дәлелденген бір нәрсе сол, Қазақстанның өз аумағынан Шығыс пен Еуразияны байланыстырған Жібек жолы өткен ел болғандығын мерейлене айтамыз. Бұдан да маңыздырағы сол, күрежолдың бойында ондаған, жүздеген қалалар, қалалық жиын орталықтар, кәсіп, сауда һәм мәдениет орталықтары пайда болды. Батыс пен Шығыс арасындағы байланыстар арқылы мәдениеттердің үнқатысуына жол ашылды. Ал қалалар Жетісуда ғана емес, Батыс пен Орталық Қазақстанда да болған.

– Сонда біз тек көшпенділер ғана емес екенбіз ғой?

– Иә, Қазақ елі – тек мал бағумен айналысқан көшпенділер елі, номадтар елі болып қана қоймаған. Ол сонымен қатар, қалалар елі болған. Археологтардың тамаша жаңалықтары Қазақстанға тән өзгеше далалық өркениеттің дамуын пайымдап түсінуге көмектеседі. Иә, көшпенділік пен мал шаруашылығы һәм, сонымен бірге, отырықшылық пен қалалық өркениет қоян-қолтық, қатарласа, қапталдаса, өзара ажырағысыз тығыз бірлікте дамыған. Аса қызғылықты ғажап жағдай, өте маңызды жаңалық.

Біз Алматының іргетасына 1000 жылдан ұзақ екенін дәлелдедік. Айтып жүргендей, 1854 жылы емес, ежелгі орта ғасырларда пайда болған әрі дәл қазіргідей, Алматы деп аталған. Қазіргі оңтүстік астанамыздың аумағында орналасқан қалада шыққан теңгелерде осылай ойып тұрып жазылған. Сонымен бірге, әрине, Астанадан таяқ тастам жерде Бозоқ қалашығы ашылғанын айтпай тұра алмаймыз. Демек, елордамыздың да ізашары, түпата қаласы бар екен. Сөйтіп, қыпшақтардың бағзы замандағы көне шаһары біздің бүгінгі сәулетті Астана байтағымыздың өзіндік тарихи бастау негізі болыпты. Су үзілсе де, сүйек үзілмеген сабақтастық осы.

– Осындай ежелгі мәдениетіміздің әлемге танылуы қалай?

– Археологиядағы табыстарымыз халықаралық деңгейде де көзге түспей қалған жоқ. Оның өзі, әлбетте, елімізде археология мен мәдениетіміздің жігерлене, мерейлене дамуына оң ықпал жасап жатқаны да хақ. 2004 жылы Қазақстан аумағынан бірден сегіз көне ескерткіштің ЮНЕСКО тарапынан Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілуі осының дәлелі. Бұған дейін небары 2 жәдігеріміз ғана танылған болатын. Олар – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Таңбалы петроглифтерінің шоғыры. Міне, осы екі ескерткішке бірден сегізі қосылуы елеулі жетістік емей немене?!

– Олай болса, соларды атап-атап айтсаңыз.

– Солардың қатарында біз ежелгі қалалық өркениетіміздің мынадай аса көрнекті орталықтарын ауызға аламыз. Бұл – Ұлы Жібек жолының Тянь-Шань тізбегіне жатады. Сол күретамыр бойындағы ірі қалалардың бірі болған Қойлық. Ол Талдықорғаннан алыс емес. Сондай-ақ, Талхир қалашығы, екінші дыбысталуы Талғар – қолөнершілік орталығы болған. Нақ осы қаланың ұсталары Дамшық болатын саз балшықтан илеген. Содан кейінгі Құлан қалашығы – батыс түркілердің, түркештер мен қарлықтар мемлекеттігінің дамуына байланысты айшықты ескерткіш. Одан соң Ақыртас. Ғажап құрылыс. Ол, сірә, қарлық патшаларының салынып бітпей қалған сарайы болса керек. Сарайды осында қарлық әміршісі алдыртқан араб сәулетшілері салған. Қазақстан аумағында тек тастан салынған бірден-бір таңғаларлық ғимарат. Өкінішке қарай, бітпей қалған.

Тараз маңынан Қостөбе немесе Жамуқат қалашығы табылды. Бұл да үлкен қала болған, сәулетшілік дамыған. Тамаша сарай ашылды. Сарай бөлмелерінің, қабылдау залдарының, салтанат залының қабырғалары ою-өрнекті, бедерлі сылақпен көмкерілген. Сарайдың өзі биік ұстынды тұғырға қондырылған. Бұл ертедегі ортағасырлық сәулетшіліктің айтарлықтай жетістігі. Тәуелсіздік жылдарындағы жарқын жаңалығымыз деп айта аламыз.

Әлбетте, археологиядағы құтты қадамдар алдағы жылдарда да жалғаса бермек. Таяу келешекте Бүкіләлемдік мұралар тізіміне бірқатар ортағасырлық қалаларымызды қосуды жоспарлап отырмыз. Олардың ішінде Отырар, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Арал маңындағы Жанкент қалалары бар.

– Осы арада Қазақ хандығы тұсындағы қалалар жайында айтудың да орайы келген сияқты ма, қалай?

– Қазір біз Қазақ хандығының урбанизациясы туралы барған сайын сенімдірек, дәлелді де негізді етіп айта бастадық. Бұған дейінгі дерек-көздеріне сүйеніп Қазақ хандығын ең алдымен көшпенділер мемлекеті деп есептеп келіп едік. Алайда, тұңғыш ұлттық мемлекетіміз экономикасы мен мәдениетінің даму сипаты, саяси құрылымы жағынан біз ойлағаннан әлдеқайда күрделірек болып шықты. Қазақ қалалары, сахарадағы урбанизациялау үдерісі тек қазаққа тән байырғы бірінші қазақ мемлекетінің қалыптасуында орасан зор рөл атқарғаны сөзсіз. Алдағы жылы қазіргі еліміздің аумағында Қазақ хандығы құрылуының, өркендеп дамуының даңқты 550 жылдығын мерекелеуіміз орайымен келген қуанышты, мәртебелі оқиға болмақ. Ал Қазақ хандығының бір орталыққа бағынған айбынды да айдынды мемлекет болуы оның урбандануының, қалалық тиянағы беріктігінің арқасы деп білуіміз керек. Біздің хандығымыз көп жағдайда өз қалаларына арқа сүйеді, сол негізде саяси, экономикалық және мәдени өзегін қалыптастырды. Тәуелсіздік жылдарында халқымызға мол олжа салып, бұрын беймәлім аралдарды ашып, қоржынын тоғайта түскен археологиямыз туған ел тарихын барған сайын тереңірек танып білуге мүмкіндік беретін тосын ашылымдармен алда да талай қуанта берері сөзсіз.

Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. egemen.kz

 

Add comment



Security code
Refresh

 
   
 
2022 © Институт археологии им. А. Х. Маргулана Создание сайта Создание сайтов, разработка и сопровождение сайтов, продвижение, хостинг