Қазақтың кең-байтақ даласында атымен де, даңқымен де белгілі болған қаланың бірі – Аспара қаласы. Тарихи деректер Аспараның әйгілі қолбасшы Ақсақ Темірдің әскери гарнизоны болғанын айғақтайды.
Ортағасырлық Аспара қаласы Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Андас батыр ауылының ортасында Аспара өзенінің жағасында орналасқан. Бұл өзенді қазақтар «Аспара» десе, қырғыздар «Ашмара» деп те атайды. Дегенмен, Алатаудың етегіндегі жазық далада, айналасы бірнеше шақырымға дейін созылып жатқан қаланың бүгінде тек орталық бөлігі ғана сақталып қалған.
Қаланы археологиялық тұрғыда зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жиналған заттар, тұрмыс ыдыстары, тиындар (түргеш және бұқархудат тиындары) шаһардың пайда болуын VI-VIII ғасырларға апарып тірейді. Ал қаланың қарқынды өмір сүрген уақыты деп ХІ-ХІІ ғасырдың бас кезін айтуға болады. VII-ІХ ғ.ортасына дейін Аспара қаласы «Особулай» деген атпен мәлім болған. Аспара қаласы туралы деректер ІХ ғасырдағы зерттеуші Ибн Хордадбек пен зерттеуші Кудаманың (Х ғ.) жазбаларында кездеседі.
Қаланың кейінгі ғасырлардағы зерттелу тарихына назар аударатын болсақ, олар бірнеше кезеңнен тұрады. Аспараға ең алғаш рет 1894 жылы әйгілі ғалым В.Бартольд келіп зерттеген. Одан кейін 1940 жылы А.Бернштамның жетекшілік етуімен Жетісу археологиялық экспедициясы қала маңында қазба жұмыстарын жүргізді. Осылайша бірте-бірте қазба жұмыстарының нәтижесінде тарихи қала туралы көптеген мәліметтер, құнды деректер табылып жатты.
Мәселен, 1941 жылы Жамбыл археологиялық тобының ғылыми қызметкері Г.Пацевич қаладағы орталық қиранды төбесінің жоспарын түсіріп, құнды материалдар жинаса, 1954 жылы археолог П.Кожемяко шаһардың аймағының сызба-жоспарын жасады. 1964-1965 жылдары ғалым, зерттеуші Л.Ерзакович екі мәдени қабаттан тұратын қаланың орталығынан құрылыс орындарын ашса, 1988 жылы ғалым М.Елеуов басқарған ҚазМУ-дің археологиялық тобы ұзын қорғанды қабырғасының орнын анықтады.
2012-2013 жылдары Аспара қаласындағы зерттеу жұмыстарын «ХIII-XV ғғ. Қазақстанның ортағасырлық қалалық мәдениеті, жазбаша деректер, археологиялық зерттеулер мен нумизматикалық материалдар мәліметі бойынша» атты гранттық қаржыландыру тақырыбы бойынша К.Байпақовтың жетекшілігімен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы жалғастырып, қаланың орталық бөлігін зерттеу жұмыстары жүргізілді.
1964-1965 жылдары Л.Ерзакович жүргізген қазба жұмыстарынан XII-XIV ғғ. және XV-XVI ғғ. жататын екі құрылыс қабаты ашылған болатын. Төменгі құрылыс қабатынан үш бөлмеден немесе бөліктен тұратын тұрғын кешені табылды. Тұрғын бөлмелердің ішіне ошақ, қабырғаны жағалай сәкі орналастырылған.
Сонымен қатар қаланы зерттеудің осы кезеңінде 1392-1393 жылдары Махмұд хан атты жалған есіммен басылған Темірдің күміс тиыны табылады. Табылған қыш бұйымдардың салыстырмалы мерзімдері де XV ғ. көрсетеді.
Қара түсті бояуда орындалған түрік тілінде жазылған сиыр жауырының екі бетіндегі бедерленген жазу айтарлықтай қызығушылық тудырды. С.Муратов пен Л.Ерзаковичтің оқуы бойынша онда он бес тұлға, оның төртеуі бек, бір қожа және бесеуден астамы лақап ат бойынша белгілі адамдардың өліміне байланысты күйініш білдіруі жазылған.
Табылған тиын мен жазбаша деректер Аспара бекінісі 1397-1398 жылдары Ақсақ Темір бұйрығымен тұрғызғандығын куәландырады. Бұл жөнінде Тимур Ибн Арабшах былай деп жазады: «Моғол мен Қытай жағынан оның (Темірдің) құрылысы мен оның осы жерде салынғаны жөніндегі хикаясы. Ол Самарқандқа келген кезде өзінің немересі Жәңгірдің ұлы Мұхаммад Сұлтанды әмірі Сейф ад-Динмен бірге соңғы пункке жіберіп, оның сөзі сонда жетіп, бұйрығы орындалды, ал бұл Сейхун өзенінің арғы жағынан… Мәуреннахр елінен бір айлық жол. Олар ол жерден алқап пен жазықтықты иеленіп, бірнеше қамал тұрғызды, олардың ішіндегі ең шалғайдағысы Аспара деп аталады…, берік қамал, тонаушылық пен талқандауға дайын… » (С.Л. Волин).
Аспараға әмір Арғұн-шахты бір түмен (10 000) әскер және жасақ топпен қалдырады. Бірақ моғолдар қамалға шабуылын жалғастыра бергендіктен, 1403 жылы Ақсақ Темір онда әмір Алладад бастаған үлкен қосымша күш жіберуге мәжбүр болады, ал бір жылдан соң Аспарадан шығысқа он күндік жерден жаңа қамал тұрғызуға тура келеді.
Аспара туралы соңғы дерек XVI ғ. жатады. В.Юдин: «Тоғыз жүз он тоғызыншы (1513-1514 жж.) жылдың қысында…Қасым хан Аспара жаққа өз елін иемдену үшін кетті» деп жазды. Дегенмен, келтірілген үзінді түсінікті емес, мұнда Аспара қаласы немесе осы күнге дейін сақталған сонымен аттас аталған жердің айтылғандығы нақты берілмейді. XVI ғ. ортасында Мұхаммед Хайдар тек Шу өңіріндегі қиранды қалаларды ғана айтып өтеді. Олай болса, Аспара қаласының жоғарғы құрылыс қабатының қарқынды өмір сүрген уақытын XV ғ. жатқызуға болады, ал біршама кейін қиранды қала орнында аздаған отырықшы тұрғындар тұрған.
Демек, ХV ғ. деректерде Аспара Ақсақ Темір Моғолстанға қарсы күресте тұрғызған қамал ретінде айтылғанымен, археологиялық материалдар бұл қамалдың қызметі мен оның халқы құрамы жөніндегі түсінікті кеңейтеді. Орталық бөлігінің сыртында, Ақсақ Темір әскерінің гарнизонынан басқа егіншілікпен, мал шаруашылығымен, көзе өндірісімен, металлургия кәсібімен айналысатын тұрғындардың болғандығын табылған заттар, жануарлардың көптеген сүйектері, қыш және металлургиялық шлактар куәландырады.
Аспара қаласынан табылған археологиялық материалдар моңғол шапқыншылығынан кейін кең тараған Шу өңіріндегі отырықшы мәдениеттің айтарлықтай құлдырағандығын нақтылы түрде айтуға мүмкіндік береді. Шу өңіріндегі жеті қаланың жоғарғы қабатын моңғол уақытына (ХІІІ-XІV ғғ.) жатқызуға болады: Төрткүл, Тасөткел, Қысмышы, Қара-Джигач, Алексондровский, Беловодский және Аспара өмір сүруін біршама кейінге дейін жалғастырған. Жалпы, археологиялық мәліметтер қалалар санының шектеулі екендігі туралы жазбаша деректерді растайды. Мысалы, Рашид ад-Дин Шу жеріндегі екі үлкен ауылды айтады: Тарсакент, мұны П.Н.Кожемяко Қара-Джигач және Қараарлықпен баламаласа, ал темірлік уақыттағы деректерде тек Аспара ғана айтылады. Аспара туралы мәлімет соңғы рет Гияз ад-Диннің хабарламасында айтылады, онда Шахрух елшілігі (Темірдің ұлы) Қытайға кеткенде Аспара қаласы қалалардың ішінде аталып өтеді, яғни 1419 жылы осы елшіліктің жолында болған.
Енді жүргізілген зерттеулер бойынша Аспара қаласының аумағына, шаһардың сәулетіне, сондай-ақ өзге де сипаттамаларына тоқталайық.
Қаланың орталық бөлігін үш жағынан қазіргі уақытта ені 10-12 м. болатын, тереңдігі 5 м.-ге дейін баратын ор қоршап жатса, ал батыс бөлігін бұлақ суы ағып өтетін, қамыс өскен батпақ алып жатыр. Бір кездері осы ор көптеген бұлақтардан аққан су мен өзен суына толтырылғанға ұқсайды. Орталық бөліктің, яғни ордың сыртында басқа да ортағасырлық қалаларға тән көптеген құрылыс орындары 150-200 м диаметрге дейін сақталған. Үй орны болған төбешіктер өзен арнасының екі жағалауында да кездеседі. Құрылыс орындарының сыртын ұзын қорғанды қабырға, яғни жал қоршап жатыр. Жалдың сақталу дәрежесі әртүрлі. Көп жері бұзылу салдарынан толық күйінде сақталмаған. Ал сақталып қалған бөліктерінің ені 10-12 м, биіктіктері 0,5-3 м. Жалдың кей жерлерінен сыртқа шығып тұрған мұнара іздері байқалады.
Қаланың топографиясы жөнінде айтар болсақ, ежелгі қабатын кейінгі мәдени қабат жапқан. Құрылымы тура осындай басқа VI-VIII ғғ. өмір сүрген қалалардың орталық қирандысы мен ұзын қорғанының аралығындағы бөлігіне құрылыстар шоғырланған. Билеушілер тұратын бөлігінің анық байқалмауын Темір уақытында әскери басшылар мен ауқатты адамдар тұратын бөлігіне құрылыс жүріп, билеушілер бөлігі жаңа бекініс қабырғасын қалпына келтіруге байланысты бұзылған деп түсіндіруге болады.
Аспара қаласының ХІІІ–XVІ ғғ. көзе өндірісі алдынғы кезеңдермен сабақтасып жатыр және олар Шу-Талас өңіріндегі моңғол-темір дәуірінің қыш бұйымдарына өте ұқсас. Сонымен бірге Аспара қаласының ХІІІ–XV ғғ. қабатынан аздаған мөлшерде шыққан сырлы ыдыстар, соның ішіндегі кашинді ыдыстар ерекше көңіл аудартады. Тянь-Шань мен Жетісу жеріне Ақсақ Темір уақытында сырлы ыдыстардың аздаған мөлшерде сырттан әкелінгендігі де белгілі.
Аспара қаласының сәулетіне байланысты өзге де археологиялық деректер мол. Оның барлығын бір мақала көлемінде айтып жеткізу мүмкін емес. Ең бастысы, Аспара қаласы қазақ даласындағы бір тарихи кезеңнен терең сыр шертіп, оның рухани-мәдени құндылықтары кейінгі ұрпақтарға үлгі-өнеге болып қалары сөзсіз.
Арнабай НҰРЖАНОВ, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ералы АҚЫМБЕК, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD докторанты