Russian (CIS)ҚазақшаEnglish (United Kingdom)
 
 
INSTITUTE
OF ARCHAEOLOGY
named after
A. Kh. MARGULAN

Address:
44 Avenue Dostyk, st. Shevchenko 28, Almaty
Telephones:
8(727) 2721325- reception room

 

Banner

ruhani-jangyru-logo

Главная News Алтыншоқының Алтын ханшайымы табылды!

Алтыншоқының Алтын ханшайымы табылды!

Оқиға орнынан репортаж

Археологиялық экспедиция басшысы, Әлкей Марғұлан атындағы археология институты директоры, тарих ғылымының докторы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Бауыржан Байтанаев  пен қазба жұмыстарының жетекшісі Тимур Смағұлов бастаған зерттеушілердің үздіксіз ізденістері мен қажырлы еңбектерінің арқасында Шығыс Қазақстан облысындағы  Үржар маңынан 30 шақырымдай жерде сақ ханшайымының мүрдесі табылды.

Алғашқы хабарды ести сала түнде Үржарға аттанып кеткен  «Қазақ үні» газеті мен «Алашфильм» студиясы журналистері қазір қазба жұмыстарын  тікелей түсіріп, ақпарат беруде.

Оқиға орнынан алғашқы репортаж ретінде қазба жұмыстарының жетекшісі Тимур Смағұлов сұхбат берді.

Алтыншоқының Алтын ханшайымы табылды!

Суретті түсірген Данияр Бозаев

- Біз зерттеп жатқан аудан өте үлкен ғылыми қызығушылық тудыруда. Сайын Сарыарқамен жалғасып кететін , айналасын тау сілемдері қоршаған Алакөл шұңқыры археологтар мен тарихшылардың  назарын қатты аударуда. Өйткені, бұл өлке әзірге аз зерттелген. Енді, міне, бұл өңірге жасалған алғашқы барлау жұмыстарының өзі керемет дүниелерге  қол жеткізді. Экспедициялық қазба жұмысы кезінде қорғанның 1,7 метр тереңдіктен жас қыздың мүрдесі салынған тас саркофаг шықты.

- Бір қорғаннан ештеңе табылмай, екіншісінен зор жаңалық табылды.  Бұл қазба жұмыстары нақты қай кездерде жүргізілді?

- Биылғы мамыр айында экспедиция  жасақталды. Экспедиция Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институт директоры, тарих ғылымының докторы, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі  Бауыржан Байтанаевтың  басқаруымен құрылды. Қазба жұмыстарға  мен жетекшілік жасадым.  Экспедиция құрамына зерттеушілер, Ертіс бойындағы Семей мемлекеттік педагогикалық институты мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық оқытушылары мен студенттері кірді. Яғни, үлкен кешенді экспедиция жасақталды. Археология институтының директоры Бауыржан Әбішұлы экспедиция жұмысын үнемі қадағалап, қажет кезінде тиісті көмек беріп,басшылық жасап отырды.

Қазба жұмыстарын мамыр айында бастадық. Алғашқы жұмысымыз  көңіл жұбата қойған жоқ. Бірінші қорғанды қазу  қызықты дүниелер бергенжоқ. Біз бірінші қорғанды қазу жұмыстарын тастап, екінші қорғанға ауыстық.

- Екі қорғанның арасы қанша шақырым болады?

- Екі қорғанның арасы шамамен 7 шақырымдай жер. Ал екінші қорғаннан  міне, қызықты, тосын дүниелер  табылды. Бұл қорғанның  қазылып жатқанына үш апта болды. Әр күні қызықты жаңа дүниелер  табылуда.

- Енді екінші қорғаннан табылған мүрдеге келейік. Баспасөз «алтын адам табылды!»-деп жаһанға жар салуда. Бұл қаншалықты шындыққа сай келеді?

- Қазір осы жарқын жаңалық, зор табысқа байланысты баспасөзде әртүрлі топшылаулар мен пікірлер айтылуда. Олардың көбісі  шындыққа сай келмейді. Менің айтқым келетіні, бұл қорғаннан жас әйелдің  мүрдесі табылды. Оның әйел екені киімдерінен байқалды. Тас альтар мен керамикалық  бұйымдар  және өте қызықты, алтын әшекейлі  тосын бас киім табылды. Сол бас киім баспасөз қызығушылығын оятып, әртүрлі пікірлер  тудырды. Соның нәтижесінде нақты жағдайға сай келмейтін гипотезалық пайымдар пайда болды.

- Жалпы тас табытттың ерекшелігі мен мүрде материалдарына қысқаша тоқтала кетсеңіз?

- Мүрде тас саркофагта сақталып,  мықты тас қабырғалармен қоршалған. Ол жерден әйел  мүрдесі табылды. Қазба жұмыстары кезінде керамикалық және ағаш ыдыстар, сонымен қатар, қой сүйектері  табылған.Керамикалық сосудалар бар. Бас киіміндегі зооморфтық үлгідегі  ою-өрнегі бар алтын сәукелесіне қарағанда, бұл белгілі әулеттің ұрпағы секілді. Мұндай бас киім сақ көсемдерінің салтанатта киетін киімдерінің бірі. Шамалауымызша, бұл мүрде сақ көсемінің қызы болып шығуы әбден мүмкін. Осы бас киімді жас кезінде сақ патшайымы-Тұмар  да киген.

 Алдын-ала зерттеулер бойынша мүрде  біздің эрамызға дейін IV- III ғасырларда өмір сүрген. Осы кезеңде осындай жерлеу үрдісі болған. Бұны әйгілі Есік қорғанынан табылған алғашқы Алтын адам зерттеулері айғақтайды.

Дегенмен, ханшайымның өзге киімдерінің қаншалықты алтынмен апталғанын әлі де зерттеу керек. Ғылыми қорытынды шығарылып, толық реконструкциялық қалпына келтіру жасалғанда ғана барып, оның жасы, қай уақытта өмір сүргені тура анықталады. Сонда ғана нақты тұжырым  жасалады.

- Саркофагтан табылған түрлі керамикалық бүйымдар туралы не айтасыз?

- Керамикалық дүниелерді  ертедегі адамдар жиі ұстанған. Туған-туыстарын ана дүниеге аттандырғанда олардың мәйіттері жанына керамикалық бұйымдарды бірге қойған. Мәселен, бұл жерлеуде керамикалық ыдыстар табылды. Ал, мына ағаш астаулар қазіргі қолданылып жүрген астауларды еске түсіреді. Яғни, бұл бағалы ыдыстар бақи дүниеде де керек болады деп ойлаған. Егер ер адамдарды жерлегенде жанына қару-жарақ пен ат әбзелдерін бірге жерлесе, мына жағдайда біз тас альтарикті көріп отырмыз. Альтартас  табынушылық маңызға ие болып табылады. Сонымен бірге мүрде жанынан қой сүйегі табылды. Мұның құрбандыққа шалынғаны белгілі,  және ерекше маңызға ие екені анық. Осы детальдардың барлығының жиынтығы  мыңдаған жылдар бұрын ата-баба рәсімдері қандай болғанына археологтардың көзін жеткізеді. Олар қалай дамыды және мына жерлеу рәсімі, қазақтың сәукелесіне қатты ұқсайтын бас киім және көшпелі әлемге сай басқа да бұйымдар біздің ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдар бұрын қуатты мәдени дәстүрі болғанын, оның  бүгінгі таңда да қазақ халқында сақталып келе жатқанын  айғақтайды.

- Осы маңай Алтын шоқы деп аталады екен. Бұл туралы қандай пікір білдіресіз?

- Иә, осы жерге жақын Алтын шоқы тауы бар. Бұл өте қызықты жер. Алтын шоқы орналасқан Тарбағатай тауы бөктерінде  бұдан өзге ертедегі қалашық та бар. Бұның бәрі ғылыми зерттеулерді қажет етеді. Біз  жақын арада бұл ескерткіштерді қазу жұмыстарын жүргізуді бастаймыз деп   үміттенеміз. Осы бір керемет өңірдің жаңа тарихи беттерін ашамыз деп сенеміз.

 * Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты қызметкерлері қазба жұмыстарын жалғастыруда. Бұдан басқа да, археологиялық құнды дүниелер табылуы мүмкін дейді археологтар.

Біз www.qazaquni.kz сайты арқылы Үржардағы сақ ханшайымы табылған қазба жұмыстары басынан күнделікті ақпараттар беріп тұратын боламыз.

Қазыбек ИСА,

Нұрлан ӘБДІБЕК.

Үржар ауданы

Шығыс Қазақстан облысы.

02 маусым 2013 жыл

 

Add comment



Security code
Refresh

 
   
 
2019 © Институт археологии им. А. Х. Маргулана сайт разработан компанией Создание сайтов, разработка и сопровождение сайтов, продвижение, хостинг